Қызылорда облысы Жалағаш ауданында демікпе дертін емдеу үшін ауруханаға жеткізілген екі жасар бүлдіршін сал болып қалды. Оның қос жанары көрмей, тіпті миы мен ішкі құрылыстарына зақым келген. Бұл туралы   Информбюро ақпараттық бағдарламасына хабарлайды.

Енді ғана жетіліп келе жатқан ұлымды осындай хәлге түсірген дәрігерлер дейді Қаһарманның анасы. Айтуынша тамағы ауырып, ауруханаға түскен күні ақ халаттылар баланың көмейіне қолын тығып, алғашқы көмекті дұрыс жасамаған. Мұндай олқылықтардың болғанын ауданның бас дәрігері де жоққа шығармайды. Бірақ бұл үшін жауапты дәрігерлерге тек тәртіптік шара берілген. 

Бүлдіршіннің анасы Назгүл Жаукинаның айтуынша, нәрестенің қызуы көтеріліп, тамағында сырыл пайда болған соң ауруханаға жүгінген. Бірақ ақ халаттылар тиісті медициналық көмек жасамады дейді. Ең сұмдығы емші-тәуіптердің емін қолданғанын айтады. Ақыр соңы баланың екі көзі көрмей, миы, асқазаны, өкпесі, бауыры зақымданып, мүгедек болып қалған.

“Диагнозына дұрыс қарамай, үсті-үстіне уколды салып. Қолын тығып ауызына құстыруынан бала өзін нашар сезініп комаға түседі. Қандай жағдайда асқазанынан қан кетті дегенде маған жауап берген жоқ. Себебін өздері де білмейді. Қазіргі баланың жағдайы ДЦП деп диагноз қойылды”,- деді  бүлдіршіннің анасы Назгүл Жаукина.

Назгүл ұлым бұған дейін мүлде ауырып көрмеген дейді. Ал дәрігерлер бүлдіршін көмекке кеш жүгінген деген қорытынды шығарыпты. Бірақ емдеу кезінде ағаттыққа жол бергендерін жасырмайды.

“Ауызына қолын салып деп отырмыз ғой. Қолын салып қақырығын тазартқысы келген ғой. Қақырығын шығара алмай жатқан бала ғой енді. Бірақ негізгі асқынуы ол емес. Сол себептен болар істегені. Бірақ әрине дұрыс емес. Оған байланысты біздер шарасын көрдік”,- деді Жалағаш аудандық ауруханасының бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтов.

Бас дәрігер Қаһарманның еміне жауапты қызметкерлерге тек тәртіптік шара тағайындаған. Яғни ақ халттылар әлі де өз қызметтерін атқарып жүр. Ал Назгүл Жаукина екі жасар ұлымның өмір бойы сал болып қалуына себепкер ақ халаттылар заң алдында жауап берсін дейді.

Айта кетейік, осы дерекке байланысты құзырлы органдар медицина қызметкерлерінің тиісті міндеттерін атқармауынан денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!