Жалған вакцина паспортын сатып алғандарға қайта екпе алу мүмкіндігі беріле ме? Бұл сұраққа орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов жауап берді.
«Денсаулық сақтау министрлігі бірінші кезекте халықты иммундауды сапалы жүргізуге мүдделі. Сондықтан ондай олқылықтардың жолын барынша қатаң түрде кесуіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, Ішкі істер министрлігімен бірлескен жұмыс жүріп жатыр. Өңірлердің бәрінде дерлік жалған вакцина паспортын жасаған медицина қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Вакцина паспортын заңсыз жолмен сатып алу әрекеттерімен әлі де күресе береміз», – деген вице-министр әзірге жалған вакцина паспорты бар азаматтардан қайта екпе алу туралы өтініш түспегенін айтты.
«Бір кезде заңсыз тәсілген жүгінген, енді нағыз вакцина алғысы келетіндерге қатысты айтсақ, бүгінде бізге ондай өтінімдер келген жоқ. Жүгінген жағдайда ондай азаматтармен жұмыс істеуге дайынбыз. Бірақ бұл жерде бірқатар нормативтік-заңнамалық мәселелерді атқаруымыз керек. Яғни, тиісті құзырлы органдардың тиісті мақұлдауы керек. Бірыңғай шешім шыққан кезде ол туралы мәлімдейміз», – деді Марат Шоранов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!