Жалған паспорт алған адамдар вакцина салдыра алады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Біз рақымшылық жасадық. Жалған паспорт сатып алып, қателік жібергендерді жауапқа тартпаймыз. Олар вакцина пунктеріне барып екпе салдыра алады. Ең бастысы, олар қателескендерін түсінді. Вакцинация барлық адамдар үшін ақысыз. Біздің міндет – оларды жазалау емес. Десек те вакцинация төлқұжатын сатып алғандар себебін түсіндіруі керек», – деді Жандарбек Бекшин.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Светлана Сұлтанғазиеваның айтуынша, дәрігерлер халықтың вакцина алғанын жөн көреді.
«Біз қанша азамат вакцина төлқұжатын сатып алғанын білмейміз. Біз дәрігерлер халық жаппай вакцинациялануы керек деп есептейміз. Сонымен қатар, рақымшылық жасау идеясын қолдаймыз. Коронавирусты жұқтырған науқасты емдегенен гөрі, вакцина салып алдын алған жақсы», – деді дәрігер.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!