Жамбыл облысының тұрғындары аптап ыстыққа байланысты жедел жәрдем көмегіне жиі жүгінетін болған. Облыстық жедел жәрдем станциясы мамандары мамыр айының соңынан бүгінге дейін тәулігіне 400 қоңырауға артқанын айтады. Медициналық көмекке жүгінгендер арасында ересектермен қатар балалар да бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бүгінде Тараз қаласы мен 10 аудан бойынша ұзын саны 93 жедел-жәрдем бригадасы шақыртуларға шығады. Аймақтағы ауа температурасы соңғы бір аптада +35-40 градусқа жеткен. Ыстық күнде бассейнге баратындар саны артып, қаладағы хауыздер алдында кезек көбейген. «Тараз қаласында алдыңғы жылдарға қарағанда биыл күн өте ыстық. Мұндай күннің ыстығында далада жүру мүмкін емес. Біз тек кеңсенің ішінде, салқын су ішіп, кондиционердің астында отырамыз. Сосын суға шомылып амалдап жүрміз», – дейді Тараз тұрғыны Дамира Құрмашева. Бассейндерге бас сұға алмағандар шаһар шетіндегі өзендер мен тоғандарға барып жүр. Ал ақ халаттылар күн көзінің тікелей түсуінен қорғануды естен шығармау керектігін ескертеді. Қайнаған ыстық пен қапырық ауа әсіресе созылмалы ауруы бар адамдарға қауіпті. «Облыста 1 млн 300 мыңға жуық халық тұрады десек, оның 400 мыңнан астамы Тараз тұрғындары. Халықтан түскен шақыртулар күн салқын кезде 1400-1500-ге дейін болса, қазір 1700-1800-ге дейін артып жатыр. Жүрек қан тамырлары жүйесінің аурулары бар, қан қысымының көтерілуі, жедел-ішек инфекциясына қатысты шақыртулар көбейіп жатыр. Бас-ми қан айналым бұзылыстары күн ыстықта сыр береді. Сондықтан қазір телефонға тыным жоқ», – дейді Жамбыл облыстық жедел жәрдем станциясының аға дәрігері Алихан Мирсейітов.

Аймақтағы «Қазгидромет» мамандарының сөзінше, бүгінде Жамбыл облысында ауа температурасы тұрақталып, +32-33 градустан аспай тұр. Үш күн бұрынғы ыстықтың беті қайтқан. Күннің күрт ысуына Ауғанстан мен Иран елдеріндегі ауа температурасының көтерілуі әсер еткен. Синоптиктер аптап ыстық шілде айының басында қайталанатынын ескертеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!