Әсел – білікті дәрігер, өз ісінің шебері. Ол Алматыда С.Ж.Асфендияров атындағы медициналық университетті тәмамдаған. Науқастардың көңілінен шығып келеді. Ол жасаған ота да сәтті . Диагнозды ойланып, түрлі аппараттарға түсіріп, содан кейін барып қояды. Бүгінде ақ халатты абзал жан облыстық көпбейінді аурухананың көз аурулары бөлімінде офтальмолог болып жұмыс істейді.
Пациенттері оның кез келген адамның диогнозын анықтағандай, көңілін де табатынын айтады. Дәрігер адамды емдемес бұрын ол алдымен оның тілін тауып, сенімінен шығу керек. Әселдің бойынан бұл қасиеттердің барлығы да табылады. Сонымен қатар ол волонтерлықпен де айналысып, науқас жандардың еміне шипа табуға көмектесіп жүр. Мәселен, Батыс Африка Мали республикасында 3 ай дәрігер волонтер болып жұмыс істегенін білдік.
– Көз ауруларының түрі көп. Туабітті, жүре пайда болған аурулар бар. Сонымен бірге қабыну аурулары, жарақаттар, т.б түрлері кездеседі. Қазіргі таңда бәріміз телефонға тәуелдіміз. Азаннан кешке дейін қолымыздан телефон түспейді. Арасында көзді демалтып, жаттығу жүргізбейміз. Айналып келгенде содан көз ауруы пайда болады. Компьютерге де кешке дейін отырамыз. Мақұл жұмыс істедік деген күннің өзінде компьютерге арнайы киетін көзілдірік бар, сосын арнайы көзге тамызатын дәрілерібар. Көз ауыра бастағаннан дәрігерге көрініп, тиісті тексерулерден өтіп алған жөн. Күтіну жолы көп. Көп компьютер пайдаланатын адам ылғалдандырушы тамшы тамызып тұру керек. Жаттығудың түр-түрі бар. Мәселен компьютермен жұмыс кезінде 15 минут үзіліс жасап, жаттығуға кезек беру керек. Оны ғаламтор арқылы қарап отырып та жасауға болады. Мәселен, алыс, жақын нүктеге қарау арқылы да жаттығу жасалады, 8 рет қозғалту керек. Көзді демалту үшін екі алақаныңызды бір-біріне үйкелеп, жұмулы көздеріңізге басыңыз. Осы қалыпта 10-20 секунд ұстап тұру керек. Бұл жаттығуды 5-7 рет қайталаған жөн.
Жұмыс орныңыздан қозғалмай орындауға болатын жаттығудың бірі: көзіңбен алыстағы нысанды белгілеңіз. Мысалы, терезеден сырттағы ағашқа қараңыз, одан кейін терезе әйнегіне қараңыз. Осылайша 10 рет нысананы алмастыра отыра, көз жаттығуын орындаңыз, – дейді дәрігер.
Сондай-ақ маман көптеген аурудың себеп-салдарымен бөлісіп, керекті мағлұмат беріп үлгерді. Айтуынша, бүгінде көз ауруларының жиі кездесетін түріне бленнорея, катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу секілді дерт жатады екен. Лейкома – көздің қасаң қабығының ауруы. Бұл көбінесе жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан ушығуы ықтимал. Қызылша, шешек, туберкулез ауруларының асқынуынан қасаң қабақта ақ дақ пайда болып, ол кейде беріштеніп бітуі мүмкін. Мұның салдарынан көздің көру функциясына нұқсан келеді. Қасаң қабықтың қай жеріне ақ түскеніне, оның көлеміне байланысты. Егер ақ қарашыққа түссе, адамның көзі көрмей қалады. Көзге түскен ақ дәрі-дәрмекке жазылмаса, оған хирургиялық ота жасалады. Ішкі ағзалардың ауруы да көз ауруларына алып келеді. Мысалы, қоян көз, бадырақ көз аурулары сөзімізге дәлел. Уақытында емделмеген көз ауруы көруді нашарлатып, соқырлыққа да алып келуі мүмкін.
Глаукома оптикалық нервтің атрофиясына әкеледі, нәтижесінде адам мүлдем соқыр болады. Бұл егде жастағы адамдар үшін қауіпті, бірақ соңғы кезде глаукома орта жастағы адамдарға, тіпті жастарға көбірек әсер етуде. Бұл – созылмалы ауру, үнемі тамшы тамызу керек. Көздегі қысым гипотензивті тамшымен емделеді.
– Глаукома диагнозы бірден қойылмайды, науқасты толық тексеруден өткізіп, көзішілік қысым, көру аумағы периметрия, оптикалық көз томографиясы секілді зерттеу нәтижесіне сүйеніп жасалады. Глаукома жастар арасында, туа біткен түрі нәрестелерде де кездеседі, – дейді дәрігер.
Жалпы бір күнде көз аурулары бөлімінде 10-нан аса ота жасалады екен. Мұның өзі өзімізді жаттай күту керегін білдіретіндей. Салғырттықты қойып, сақтыққа мән беріңіз!
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!