«Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыз айтқандай, адам баласы үшін ең қымбат құндылық – оның тән және жан саулығы. Ал осы саулықты сақтайтын, ауруды ауыздықтаушы сала – медицина. Осы орайда деннің саулығын сақтауға көмектесетін медицинаның превентивті бағыты туралы сөз етеміз.

Ғалымдардың зертеулеріне сүйенсек, адамның денсаулық жағдайына әсер ететін факторлар көп. Оларды талдағанда, факторлардың 50-52%-ы өмір сүру салтына, 20-25%-ы тұқым қуалау жағдайларына, 18-20%-ы қоршаған ортаға, тек 7-12%-ы ғана денсаулық сақтау саласының деңгейіне байланысты екені анықталды.

Сонда әрдайым медицинаға тіреліп, денсаулыққа бей-жай қарағанша, оны күтіп, бақылаған тиімдірек. Осы орайда превентивті медицина бағыты ерекше даму үстінде. Превентивті медицина – денсаулықты сақтауға, аурудың алдын алуға, ерте анықтауға және оның дамуына себеп болаған ағзадағы дисбаланстарды түзетуге бағытталған сала. Иә, кейінгі уақытта медицина қызметкерлеріне көмекке жүгіну ыңғайлы әрі қолжетімді. Бірақ кейде қоғамда дәрігердің еңбегі еленбей қалады. Себебі қолжетімді қызмет енді денсаулықтың маңызын елемейтіндей. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп айтпақшы, денің сау кезде оны елемей, жоғалтқанда бармақ тістеп отыру қалыпты жағдайға айналғандай.

«Numbeo» платформасының 2025 жылғы мәліметінше, елдің индексі 60,7 пунктті құрап, 99 мемлекеттің ішінде 60-орынға тұрақтаған. Екі жыл бұрын Қазақстан 57-орында еді. «Numbeo» индексі сауалнама нәтижелеріне негізделіп есептеледі және денсаулық сақтау сапасы, инфрақұрылым, қызметтердің қолжетімділігі мен ресурстар деңгейін қамтиды. Рейтингте Тайвань, Оңтүстік Корея және Нидерланд елдері көш бастап тұр. Ал ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында халықтың ақылы медицинаға орташа шығыны 4,7 мың теңгені құрады – бір жылда 16,5% өсім байқалады. Ал бірінші тоқсанда бұл өсім 28,3% құраған еді.

Мұның салдары – елдегі аурушаңдық деңгейінің артуы. Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін салыстырғанда, 2022 жылдан 2024 жылға дейін 17 ауру категориясының тек бесеуі бойынша ғана төмендеу байқалған. Қалған 12 категорияда керісінше өсу тіркелген. Бұл қазақстандықтардың денсаулығы туралы біраз мәлімет береді. Оның ішінде қан айналым жүйесі аурулары қарқынды түрде өсуде. 2024 жылы бұл ауру 100 мың адамға шаққанда 18,6 мың жағдайға жеткен. Екі жыл бұрын көрсеткіш 16,9 мың болған.

Облыстық онкология орталығының онколог дәрігері Асылай Құлмағанбетованың ойынша, елде пациенттердің басым көпшілігі ауырғаннан кейін ғана тексеріледі. Алдыңғы жылдарға қарағанда денсаулығын күтетін жастар көбейген. Бірақ оның өзі шамаман тек 15%-ды құрайды. Қан анализін тапсырмайтын да азаматтар бар. Бұл немқұрайлық. Уақытылы тексерілу әдеп болуы тиіс. Кейде қаражат, тұрмыс-тіршілік мәселесі де денсаулықтың соңғы қатарда қалып кетуіне себеп болады. Алайда адам өзін бірінші орынға қойып, денсаулыққа жүйелі көңіл бөлуі керек.

Денсаулықты күту – қымбат витамендер қабылдау емес, уақытылы ұйықтау, құнарлы тамақтану, спортты дос қылу.

– Ең алдымен адам өз ағзасын әрдайым бақылауда ұстау қажет. Жыл сайын анализ тапсыру қажет. Мысалы, қан тапсыру, ферритин, D дәрумені, қалқанша без, қант, холестерин деңгейін тексеру керек, – дейді маман.

Бұл арқылы ағзаға жетіспейтін элементтерді анықтап, үлкен қатерден сақтануға болады. Ал тексеріссіз жүре берген адам кейіннен симптомды ушықтырып басқа онкологияға ұласуы мүмкін. Мәселен біз қауіпті деп санамайтын анемия кейіннен жүрек-қан тамырларының ауруына әкеліп соғуы мүмкін.

Жаңа саланың жаңалығы

Ұйқыға қаншалықты мән береміз?

ДЖДСҰ-ның жарғысына сәйкес, денсаулық – бұл адамда тек ауру мен физикалық ақаулардың болмауы ғана емес, бұл толық физикалық, психикалық және әлеуметтік әл ауқаттың болуы. Кейінгі кездері жастар арасында психикалық аурулардың көбейгені жасырын емес. Ол өмірдегі қиындықтарға байланысты болуы мүмкін. Бірақ күнделікті адамның өмір салтыда осындай жағдайға әкелуі мүмкін екенін білесіз бе?

Асылай Құлманғанбетованың айтуынша, адам өмірінің үштен бір бөлігін ұйқыда өткізеді. Сондықтан өміріміздің осы бөлігіне аса мән беруіміз керек. Оның сапалы және дұрыс болуын қадағалауымыз қажет. Ол маңыздылығы бойынша 3-орында. Біз ауасыз 5-10 минут, сусыз 3-8 күн, ұйқысыз 5-6 күн өмір сүре аламыз. Дәрігерлердің айтуынша, адамның жасына байланысты ұйқыға арналған белгілі уақыт режимі бар. Мысалы, жаңа туған нәрестелер күніне 18-20 сағат, 1 жастан 3 жасқа дейін 13-14 сағат, мектепке дейінгі жаста 10-12 сағат, мектеп жасындағылар 9-10 сағат, жасөспірімдер және үлкендер 8 сағатты ұйқыға арнауы керек.

11-сынып оқушыларынан алынған сауалнама нәтижесінде 100% оқушының 22-00-де ұйықтамайтыны, 70-80 %-ы оқушы түнгі 01:00-ден кейін демалып, 20-30% оқушы 23:00 мен 01:00 арасында ұйқыға бататыны белгілі болды. Әдетте мұндай жандар өзінің физикалық қабілеті төмендеп, психологиялық жағдайы жақсы болмай тұрғанынына мойынсұнбай: «Ұйқы – әлсіздер үшін! Менде бәрі жақсы!» деп жүре беретіні рас. Адам ұйқысыздығын мойындамаса, жағдайды одан ары ушықтыра түседі. Ұзақ мерзімді ұйқы жетіспеушілігі денсаулыққа орасан зор зиянын тигізеді: жүрек, қан тамырлары ауруына, қант диабетіне шалдықтырады. Мұны ескермей, ұйқыны уақытты босқа өлтіру деп қабылдап, мейлінше аз уақыт ұйықтауға тырысатындар бар. Бұл өте зиян әдет.

Ұйқының да өз талаптары бар. Бұл туралы Асылай Құлмағанбетова:

– Көпшілігі шаршасам, жақсы ұйықтаймын деп ойлайды. Шынында да физикалық белсенділік ұйқының ұзақ әрі тыныш болуына септігін тигізеді. Бірақ қарқынды жаттығуды ұйықтардан 4-6 сағат бұрын жасаған абзал. Ал ұйқы уақытына 1-2 сағат қалғанда жеңіл аэробикалық, пилатес секілді жаттығулармен айналысуға болады. Кешкілік дене сергітудің ең жақсы тәсілі – серуен. Ағзаны оттегімен байытып, әр қадам басқан сайын күндіз туған негативтерден арыласыз.

Ұйқының сапасына жатын бөлменің де әсері бар. Жастық мойынды бір қалыпты ұстайтын, бірақ басты қатты көтермейтін болуы қажет. Мүмкіндігінше қатты жерде ұйықтау керек. Матрас ортопедиялық және табиғи матадан, ал киім лимфа қатынауына кедергі келтірмейтін, денені қыспайтын, ыңғайлы, табиғи матадан болуы шарт, – дейді.

Жаңа саланың жаңалығы

Сіз тамақ ішу ішін өмір сүрмейсіз

Жастардың тамақтану процесі қашанда алаңдатады. Қазір жартылай дайын өнімдердің әсерінен дұрыс тамақтанатын адам саны азайды. Одан бөлек, бізде негізгі тамақтану уақыты өзгерді. Жаңа тағам түрлері шыққан сайын біз оның дәмін көруге асығамыз. Осы орайда Асылай Құлмағанбетова: «Біз тамақ үшін өмір сүрмейміз, өмір сүру үшін тамақ ішеміз. Тамақ – ләззат пен қуаныш емес, энергия көзі» деп, дәмнен гөрі денсаулықтың маңызды екенін айтты.

Әсіресе бұл кейбір күнделікті өнімдердің қолданылуымен байланысты. Олар қантқа бай, энергетикалық, газдалған сусындар, сондай-ақ кәмпит, печенье, фастфуд. Бұл өнімдер ағзада инсулин деңгейін көтеріп, тез шаршауға және ашушаңдыққа әкелуі мүмкін.

– Ең алдымен ертерек тұрып, таңғы ас әзірлеуге кеңес беремін. Таңғы асты міндетті түрде тойып ішу қажет. Түскі ас алдындағы тіскебасардан бас тартамыз. Ол тәбетті бұзады. Ал кешкі аста тым көп жемейміз. Тағамның құрамында негізгі қоректік заттар, яғни ақуыз, көмірсу, май, сонымен қатар дәрумендер, тағамдық талшықтар болуы тиіс. Бірақ ең бастысы тәулік бойы тамақтану тәртібін, мөлшерін сақтау. Дұрыс тамақтану – қымбат тамақтану емес, тамақтану әдеттерінің өзгеруі, – дейді маман.

Жалпы онкология тікелей адамның тамақтануына байланысты. Осы орайда Асылай Құлмағанбетова ең жиі кездесетін шағыммен бөлісті. Ол – әлсіздік және салмақ тастау. Бұған иммунитеттің әлсіреуі мен онкологиялық жасушалардың өсуі әсер етеді. Себебі ісік қан арқылы ағзаға барған тамақпен қореқтеніп, қажетті заттардың ағзаға бармауына байланысты аталған белгілер пайда болады. Онкология бастапқыда көзге көрінбейді, бірақ ісіктер мен жаралар пайда болуы мүмкін. Олар көзге, теріге, тікішекке, сүт безіне шығады. Осы аурудың алдын алу үшін адам уақытылы ұйықтап, дұрыс тамақтануы керек. Тағамның құрамында ақуыз, күрделі көмірсу, дұрыс майлардың және көкөніс пен талшықтардың күнделікті рационға қосу өте маңызды.

Деніміз бен тәніміздің саулығы өзгеге емес, өзімізге керек. Денсаулық – бұл күнделікті қабылдайтын шағын шешімдердің жиынтығы. Ауруды емдеу қымбат әрі ауыр процесске айналған заманда, оның алдын алу – ең тиімді стратегия. Сондықтан, ауырып ем іздегенше, дәл қазірден бастап өмір салтымызды өзгертіп, ауырмайтын жолды таңдайық.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!