Енді елімізде отандық екпемен қатар, Ресейдің «Спутник V» вакцинасы да өндіріледі. Әзірге белгілісі, отандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады және вакцина шығаратын биофармацевтика зауыты да сол уақытта беріледі. Бірінші кезекте вакцина ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурумен ауыратын топтағы адамдарға салынады.
Өткен аптада ТМД мемлекеттерінің басшылары кезекті кеңесте бас қосты. Жоспар бойынша Ташкентте өту керек болған маңызды жиын коронавирус әсерінен қашықтан ұйымдастырылды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта вакцина өндірісін Ресеймен бірлесіп шығаратынын және бір айдан соң елімізде екпе егу басталатынын мәлімдеді.
‒ Бүгінгі күннің ең басты міндеті – азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға кең көлемде қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді. Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр. Оның сынамалары жақсы нәтиже беруде. Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады. Бір айдан кейін елімізде екпе егу басталады. Оған қалаған адам қатысады. Алдымен дәрігерлерге, мұғалімдер мен тәртіп сақшыларына салынады. Кейін егде жастағыларға егіледі. Айта кетерлігі, бұл індет алыс-берісті азайтқаны белгілі. Енді соны жандандыру керек, ‒ деді Президент.
Осыған дейін Үкімет басшысы Асқар Мамин 29 қарашада коронавирус індетіне қарсы отандық вакцинаның клиникалық сынақтарының І және ІІ кезеңі аяқталғанын мәлімдеген еді. Зерттеу қорытындылары бойынша қазақстандық вакцинаның зиянды әсері анықталмаған және оның инфекциямен күресте жоғары тиімділігі тіркелген. Енді 25 желтоқсанда клиникалық сынақтардың кең ауқымды түрі – ІІІ кезеңі басталып, 3 мың еріктіге екпе егіледі. Сынақтар 2021 жылы наурыз айының соңында толығымен аяқталады. Ең маңызды жайт, 2020 жылдың соңына дейін 2 миллион доза көлеміндегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылады.
Жоғарыда осы аптадан бастап елімізде ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынатынын айттық. Осы орайда тұрғындар арасында «өзіміздің вакцинаны салдыртамыз ба, әлде ресейлік екпені ме?» деген заңды сұрақ пайда болады. Мұндай маңызды сауалға ДСМ басшысы Алексей Цой Facebook-тегі ресми аккаунты арқылы қысқаша жауап берді: «Қазақстанда қатарынан 2 өндірістік алаң іске қосылады. Оның бірі толығымен қазақстандық вакцинаны өндірумен айналысады. Екіншісі – ресейлік вакцинаны локализациялауға жұмылады», – деді министр. Ал БҚПҒЗИ бас директоры Күнсұлу Закарьяның айтуынша, екі ел өндірушілері бірге емес, бөлек жұмыс істейді. Отандық вакциналар жеке шығарылса, Ресей вакцинасы бөлек алаңда жасалады екен.
Айта кетейік, отандық екпе І кезеңде институттың 6 қызметкеріне салынып, сыналған. Ізінше 200 еріктіге егілген. Нәтижесінде бұл вакциналардың адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірер теріс әсерінің жоғы, әрі коронавируспен күресте тиімді екені анықталған.
Баса назар аударатын тағы бір жай ресей вакцинасы әлемде алғаш болып тіркелсе де, сынақ жұмыстары әлі бітпеген. Айталық екпенің III клиникалық зерттеулері қазір Беларусьте, БАӘ-де, Венесуэлада, Үндістанда өткізілуде. Мәскеу мэрінің орынбасары Анастасия Ракованың мәлімдеуінше, Мәскеудің өзінде «Спутник V» егілген 273 ерікті артынша коронавирусқа шалдығып, ауырып қалған. Сондықтан бұл вакцинаның тиімділігі жайлы толық айту қиын.
Осы орайда жақын арада егілетін вакцина бағасының да көптің көңілін алаңдататыны да анық. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі келесідей мәлімдеме жасады: «Шетелдік вакцинаның болжамды құны 2 дозасы үшін 20 доллардай болмақ. Қазақстандық вакцинаның бағасы әзірге анықталған жоқ: оның құны өндіріс басталғанда ғана айқындалады. Бұған қоса, бүгінде Қазақстан нарығына жеделдетілген тәртіппен енуі үшін шетелдік серіктестерімізбен келіссөз жүргізудеміз. Ары қарай нарығымызда тағы бірнеше вакцина түрі пайда болады деп жоспарлап отырмыз. Олар ақылы және ақысыз түрде таралуы мүмкін», – дейді Алексей Цой. Ал ӘМСҚ медсақтандыру аясында препаратты сақтандырылған адамдарға тегін ету мәселесін пысықтауда.
Енді әбігерге түскен әлем елдеріндегі жағдайға тоқталсақ. Жаһан жұртшылығы нарыққа шығатын вакцинаны сынап көруге әзір. Бір жылға жуық уақыт тағатсыздана күттірген вакцинаның нәтижесі қандай болары белгісіз, бірақ бірқатар мемлекет екпе егуге дайындықты бастап кетті. Айталық, Еуроодақ билігі вакциналациялауды 27-29 желтоқсанда бастайды. Бұл туралы Еуроодақ басшысы Урсула фон дер Ляйен өзінің Twitter парақшасында «Бұл – Еуропа үшін ең шешуші кезең. 27, 28 және 29 желтоқсанда барлық ЕО бойынша вакцинация басталады. Біз азаматтарымызды бірге қорғаймыз» деп жазды. Испанияда да коронавируске қарсы вакцина салу 27 желтоқсанда басталатын болды. Билік американдық «Пфайзер» және немістің «Байонтек» компаниялары жасаған вакцинаны сатып алуға келіскен. Жергілікті билік вакцина салу науқанында шектеу шараларының күшейетінін жария етті. Сол үшін Рождество мен жаңажылдық мерекелер кезінде Валенсия тұрғындарына өзге өңірлерге қатынауға тыйым салынатын болды. Мадрид денсаулық сақтау департаментінің басшысы Энрике Руиз «24, 25 және 31 желтоқсан күндері Мадрид тұрғындарына 6 адамнан артық жиналуға болмайтынын, мереке күндері тұрғындардың отбасымен үйде отырғаны дұрыс екенін» айтты.
Ал инфекцияның ошағы саналатын Қытайда алдағы екі ай ішінде 50 миллионға жуық адамға короновирус вакцинасы егілетіні белгілі болды. Себебі жаңажылдық демалыс уақытында Қытай халқының бір-біріне жиі қонаққа баратыны анықталған, ел билігі осы жағдайды ескере отырып тұрғындарды вакциналауды қолға алуда. Бір айта кетерлігі Қытайда жаңа жыл 2021 жылғы ақпан айының екінші онкүндігінде басталады. Сол үшін Қытайдағы Sinopharm Sinovac Biotech Ltd компаниясының 100 млн доза вакцинасы ел аумағына таратылып, алдымен медицина қызметкерлері, өрт сөндірушілер, полиция мен кеден қызметкерлері, көлік-логистика компаниясының жұмысшыларына екпе салынады. Вакцинаның алғашқы дозасы 2021 жылдың 15 қаңтарына дейін, ал келесісі 5 ақпанға дейін салынады деп жоспарлануда.
Коронавирусты жұқтыру дерегі бойынша әлемде үшінші орында тұрған Бразилияда вакцинадан бас тартқан азаматтар үшін шектеу шаралары қолданылатын болды. Енді екпе егуге қарсы бразилиялықтарға қоғамдық орындарға баруға, белгілі бір қызмет түрімен айналысуға тыйым салынады. Бұл туралы Жоғарғы сот тиісті шешім қабылдаған. Короновирус жұқтырғандар саны 7 миллионнан асатын бұл елде вакцина егуге міндеттеу туралы заң қабылдау мәселесі талқылануда. Алайда сарапшылар «бұл адам құқықтарын бұзады» деген пікір білдіруде.
Соңғы мәліметтер бойынша АҚШ-та коронавирусты жұқтырғандар саны 17 жарым миллионнан асқан. Сын сағатта тұрған ел билігі коронавируске қарсы тағы бір вакцинаны шұғыл жағдайда қолдануға рұқсат берді. Бұл ‒ «Модерна» компаниясының екпесі, елдегі Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы бекіткен екінші препарат. Осыған дейін Американың реттеуші органы «Пфайзер» мен «Байонтек» компаниясы бірлесіп жасаған екпені қолдана беруге шешім шығарған. Енді билік өкілдері «Модерна» компаниясына 200 миллион доза екпеге тапсырыс беруде. Бір айта кетерлігі, бұл вакцина 18 жастан асқан азаматтарға ғана қолданылады.
P.S. Әзірге әлемдегі жағдай осы. Отандық және шетелдік вакцинаның вируспен күрестегі тиімділігін уақыт көрсетеді. Бір белгілісі, жаһан жұртшылығы қауіпті кеселдің дауасын іздеуді жалғастыра береді…
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!