Цереброваскулярлық аурулар мен ишемиялық инсульт қазіргі медицинадағы ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Қабылданған шараларға қарамастан, дамыған елдерде инсульт жүрек және онкологиялық патология – өлім әкелетін себептер арасында екінші орында тұр.
Дүние жүзіндегі әрбір оныншы адам инсульттан қайтыс болады және инсульт алған әрбір үшінші пациент қана бұрынғы еңбек қызметіне оралады. Кейбір авторлардың пікірінше, болашақта инсульттан болатын өлімжітімнің одан әрі өсуі болжануда.
Әлемде жыл сайын 33 миллионнан астам адам инсультпен ауырады, оның 5 миллионы аурудан қайтыс болады. Ал Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады. Яғни, сырқаттанушылық, өлім-жітім және жоғары мүгедектік құрылымында жетекші орын алады. Жыл сайын бұл статистика өсуде. Мәселен, 2023 жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 2022 жылмен салыстырғанда ишемиялық инсульт саны 1302 жағдайға артты. Әсіресе жас кезіндегі цереброваскулярлық жедел бұзылулар проблемасы өткір. Инсульт алған барлық пациенттің 35,5%- ы еңбекке жарамды жастағы науқастар және олардың тек 20%-ы ғана еңбек қызметіне қайта оралады. Инсульттің патогенетикалық аспектілерін зерттеу бойынша жүргізілген кең ауқымды ғылыми зерттеулерге қарамастан, дәстүрлі қауіп факторлары бар адамдар саны азаймай отыр және өлім-жітім өсуде.
Жүрек-қантамырларыауруларының жаңа қауіп факторларының бірі – гомоцистеин. Алайда, гомоцистеиннің инсульттің ауырлығын болжаушы ретіндегі рөлі туралы мәселе толық түсіндірілмеген күйінде қалып отыр, бұл қосымша зерттеулер жүргізуді қажет етеді. Гомоцистеин метионин метаболизмі арқылы реметилдену және трансульфурацияре акциясы арқылы түзіледі. Бұл процестер бұзылған кезде қандағы гомоцистеин концентрациясы жоғарылайды.
Гипергомоцистеинемия екі жақты әсер етеді: біріншіден, эндотелийдің зақымдалуына және ерте атерогенездің дамуына әкеледі. Екіншіден, веноздық және артериялық тромбоздардың даму қаупін арттыратын прокоагуляциялық потенциалды арттырады. Оның жиналуы артерия қабырғаларының қопсытылуына, эндотелийде жергілікті ақаулардың пайда болуына әкеледі, бұл өз кезегінде холестерин мен кальцийдің тамыр қабырғасына орналасуына апарады.
Гомоцистеин атеротромботикалық және кардиогенді ишемиялық инсульттердің дамуы үшін ерекше маңызды болып табылатын антитромбин III, с протеинін тежеу және V және XII факторларын белсендіру қабілетінің арқасында әлеуетті прокоагулянт болып табылады. Тіндердің тыныс алуына әсер етіп, төмен тығыздықтағы липопротеидтердің және атеросклеротикалық бляшканың басқа компоненттерінің тотығуын тудырады, гомоцистеин эндотелий жасушаларында тотығу стрессін туындатады. Сонымен қатар, N синтетаза ферментін тежеу арқылы ол азот оксидінің күшті эндогендік вазодилататордың синтезін блоктайды. Гомоцистеинемияның ауыр түрі балалық шақтағы тромбоз, негізгі артериялардың зақымдануы сияқты жарқын клиникалық көріністерге ие, көбінесе әртүрлі ақаулармен біріктіріледі.
Кейінгі онжылдықта «ағзадағы патологиялық процестер патохимиялық, соның ішінде зақымдалған мүшелердегі молекулалық өзгерістерден басталады». (Selzer RR, Rosenblatt DS, Laxova R, Hogan K. 2022) Осыған байланысты патологияны генетикалық деңгейде зерттеуге көп көңіл бөлінеді. Генетикалық маркерлермен байланыстылықты анықтау өзекті болып табылады. Патофизиологиялық және иммуногенетикалық механизмдерді кешенді зерттеу және ауруды болжау әдістерін әзірлеу арқылы диагностиканы жетілдірудің жаңа мүмкіндіктерін одан әрі іздеу инсультті зерттеудің заманауи және басым бағыттарының бірі болып табылады.
Осы уақытқа дейін, әдебиеттердің мәліметтері бойынша, Қазақстанда инсульт кезінде науқастарда тотығу стресінің құрамдас бөлігі ретінде гомоцистеин генінің полиморфизмі бойынша зерттеулер жүргізілген жоқ. Аурудың патофизиологиялық және иммуногенетикалық аспектілерін зерттеу арқылы тотығу стресін тереңірек зерттеу ерте диагностиканың жаңа ғылыми стратегияларын әзірлеуге және инсультпен ауыратын науқастарда аурудың нәтижелерін болжауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Айнұр ТОҚШЫЛЫҚОВА,
PhD, Анестезиология және
реаниматология
кафедрасының доцент м.а.
Жансұлу САРҚҰЛОВА,
м.ғ.д. профессор анестезиология
реаниматология кафедрасы жетекшісі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!