Облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігерлер құрамы жас мамандармен толықты. Бүгінде оқуды жақында бітіріп келген ақхалаттылар негізгі міндеттеріне кірісіп, еңбек етуде. Өз кезегінде тәжірибелі дәрігерлер жас толқынға қолдау көрсетіп, мамандықтың қыр-сырын үйретуде.

Жанерке Асылбекова   – Батыс Қазақстан медициналық мемлекеттік университетінің түлегі. Бүгінде жас маман ерлер бөлімінде қызмет етуде. Психиатр-нарколог өз жұмысын ерекше ықыласпен атқарады. Алдына келген науқасқа жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетіп, дертіне шипа беруге тырысады.  Жанеркенің болашаққа деген жоспары жүйелі. Жас дәрігер аға буын өкілдерімен тәжірибе алмасып, білімін толықтыруды көздейді.

Дәрігер-нарколог – Жасұлан Амиров те орталыққа келген жас мамандардың бірі. Бүгінде ол облыстық психикалық денсаулықорталығы қабылдау бөлімінде еңбек етуде. Орталыққа ауыр жағдайда жеткізілген науқастарға алғашқы көмек көрсетеді. Жасұлан өзіне жүктелген жауапкершіліктің салмағын жақсы түсінетінін айтады.

Дәрігер – үлкен жауапкершілікті, жүректілік пен қайсарлықты қажет ететін мамандық. Науқастың жанына жалданар ашалап, дертіне шипа беретін жандар қоғамда қашанда қадірлі. Содан болу керек, таңдауы осы салаға түсетін жастардың да қарасы артқан. Ата-анасының жолын жалғағандар емес. Гүлхан Мырзатаева – жас маман. Алматы медициналық университетінің түлегі. Бүгінгі күні емдеу мекемесінде дәрігер-психиатр болып жұмыс істейді. Ақ халатты абзал жанның анасы Жұмагүл Бимырзаева да облыстық психикалық денсаулық орталығында көп жыл тер төккен. Өкінішке қарай білікті дәрігер өткен жылы айықпас дертке шалдығып, өмірден өтті. Қазіргі таңда Жұмагүл Мырзатайқызының ізін қызы жалғастырып келеді.

«Бала кезімнен дәрігер болуды мақсат еттім. Анамның мамандығына деген адалдығы, жауапкершілігі ынталандыратын. Күнделікті жұмысқа асығып келемін. Аурухана екінші үйіме айналған. Мұнда барлығы менің анамды таниды, ол кісі туралы тек жақсы естеліктерін айтып отырады. Қолымнан келгенше өзімнің және анамның абыройына нұқсан келтірмеуге тырысып жүрмін. Жұмысымды сапалы атқару – парызым. Дәрігер бір ғана саламен шектелмейді. Оның әмбебап атануына тура келеді. Тынымсыз ізденіс, тәжірибе жинау біліктілігімізді жетілдіре түсуі тиіс. Ақ халат кию бөлек, нағыз ақ халатты абзал жан атану оңай емес. Күн сайын алдыңа сан түрлі адам келеді. Олардың әрқайсысына жылы қабақ танытып, шағымын мұқият тыңдауың керек. Жылы сөз – ол да дәрі. Осындай қарым-қатынастың өзі науқастың жан дүниесіне оң әсер етіп, аурудан тез айығуына деген сенімін күшейтеді. Ал сенім адамды сергітеді, – дейді ол.

Айта кетейік, өңірде аталған салаға деген қолдау ауқымды. Маман жетіспеушілігін шешу үшін жауапты басқарма 20 салалық маманға 500 АЕК көлеміндегі үстемақы берді. Бұл – дәрігердің облысқа келіп, жұмысқа орналасқанын ынталандыру қаржысы. Ең бастысы, 2016 жылдан бастап өңірге қажетті медицина мамандықтары бойынша 91 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалып, олардың 31-і оқуын аяқтап, медициналық қызмет көрсетуде. Осы мақсатқа 2020 жылы жергілікті бюджеттен 76, 4 млн теңге қарастырылған.Одан бөлек, 2018 жылдан бастап М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен жасалған меморандум аясында облыс әкімінің арнайы гранты бөлінді. Олар оқуын аяқтаған соң бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарын аймақтық дәрігерлермен толы қамтуға мүмкіндік береді.Сондай-ақ Байқоңыр қаласында ашылған қазақстандық медицина ұйымына қажетті мамандарды тарту және тұрақтандыру мақсатында коммуналдық меншіктегі үйлерден бірнеше пәтер бөлініп, дәрігерлер тұрғын үймен қамтылды. «Соңғы жағдай басты байлық – денсаулықтың қадірін ұқтырды, дәрігерге деген құрмет пен қолдауды күшейтті. Ендеше болашақ медицина мамандарының «бітіргесін жұмысты қайдан іздеймін» деуіне негіз жоқ. Қызмет бар, тек олардың міндеті сапалы білім алуы маңызды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!