Медицинаны сонау көшпелі мәдениетте жүріп, зерттеп білген қазақ үшін бүгінгі тың жаңалықтың әрбірі қалыпты тәрізді. Өйткені жақсы нәрсеге жанымыз тез үйренеді. Әлем емін таба алмай жүрген талай дертті бие сүтімен емдеп, ағарғанның ақ ниетін байқадық. Әйтсе де, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ноно технология бізге таңданбасқа амал қалдырмай отыр. Сонымен жасанды интеллекттің әлем медицинасына тигізер ықпалы қандай?!

Бүгінгі таңда көз ілеспес дамыған ғылым да, жаңа технологиялар көңілге күмән ұялатқанмен, уақыт жағынан  үнемді екенін айтып жүргендер көп. Әлбетте, соңғы технологияның басқа да түрлерімен көп жағдайда адам өміріне араша түскен ақ халаттылардың ұшан-теңіз еңбегінің арасында ерекше ықпалы бар екеніне көз жеткізіп келеміз. Әйтпесе, мидың қатпар-қатпар қуысында не болып жатқанын басты ашпай-ақ анықтап жатпас та едік?! Ішкі құрылыста бауыр мен бүйректің, өкпе мен жүректің жағдайына қанықпас та едік. Бірақ бір ескерерлігі, жасанды интеллектті де адам басқарады. Ал басқара алмаса тағы қиын.

Мәселен, электронды медициналық карталар. Білім саласындағы электронды күнделік тәрізді бұл да талай дәрігердің өкпе-ренішіне арқау болды. Бұл жайлы «Northwell Health» желісінің президенті Майкл Доулинг өзінің «Денсаулық сақтау саласындағы қайта жүктеу» атты кітабында ерекше тоқталып атап өтеді.

«Ол талай дәрігердің өкпе-назын тудырды. Бұл карталар науқас туралы егжей-тегжейлі мәліметті сақтап, тіпті, бақылап, көріп отыруға зор мүмкіндік береді. Оның бір қиыншылығы бар. Дәрігер науқас қабылдауға арналған уақытының көп бөлігін әлгі картаны толтыруға жібереді. Ең қажетті, маңызды, негізгі мәліметтерді базаға салу ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін», – дейді ол.

Осы карталар қолданысқа ене бастаған сәтте дәрігерлердің алдында бірнеше мәселе туындады. Оның біріншісі жасы біразға келген, егде тартқан дәрігерлер де бар. Олар картаны қолданбас бұрын, әуелі электронды есептеуіш машинасымен жұмыс істей алу керек. Сондықтан жер-жерде компьютердің тілін білуге ұмтылған мамандар үшін түрлі деңгейдегі курстар ашыла бастағанын көзіміз көрді. Алғашқыда жұмыс уақытының 6 сағатын осы картаны толтыруға арнады. Ал интернет желісі сөзбен айтқанда керемет, іске келгенде «әттеген-ай» болған біз тәрізді елдерде бұл тіпті қиынға соқты.

«Scripps Research» мекемесінің атқарушы вице-президенті Эрик Тополь мұндай бағыттағы жаңа технологияларды дұрыс меңгеріп, іске дұрыс бағыттағанда ғана тиімді ықпалын көретінімізді айтады. Өйткені ғалам осы бағытқа көшті. Ойлап қараңыз, жасанды интеллекттің ең бастапқы қадамы осы электронды карта болатын. Әдепкіде үрке қарағанымызбен, қазір дәрігердің өзін үйге арнаулы база ақыры шақырып отырмыз.

Осы орайда ең үлкен сұрақ туындайды. Жасанды интеллект дәрігерлердің орнын баса ала ма?! Дамыған ғылым үдерісі ешкімнің тоқта дегеніне көнбейді. Өйткені көш жүреді, аялдай қалдыңыз ба, көштен қаласыз. Әлемде өзі жүретін автокөліктердің өзі нарыққа шығып жатқанда сіз емханаға бара қалсаңыз, алдыңыздан робот қарсы алса, таңқалмаңыз. Мысалы, АҚШ-та өздігінен жүретін көліктер қолданысқа енгізілсе, 2 миллиондай адам тұрақты жұмысынан қағылуы мүмкін. Десе де, бұл мәселе дәрігерлерге қатысты ма?! Отаны роботтар жасады делік. Құдай сақтасын, ақау шыға қалса, сол қалпыңыздан оянбай қалуыңыз мүмкін ғой.

Жасанды интеллектті дәрігер басқаратыны анық. Өйткені адамзат баласының тарихындағы ең ірі екі мамандық бар. Бірі – дәрігер, екіншісі – мұғалім. Қоғамдағы белсенді азаматтардың көпшілігі жасанды интеллект осы екі мамандықтың орнын баса алмайтынын, жай ғана көмекші бола алатынын айтады. Әйтсе де, әлемнің танымал кәсіпкері Эндрю Янг бұған қарсы пікір айтады. Ол «Қарапайым адамдарға қарсы соғыс» кітабында «автоматтандыру үрдісі дәрігер, заңгер, бухгалтер, қаржы кеңесшісі, трейдер, журналист, тіпті суретші мен психолог секілді мамандықтарға да қауіп төндіреді» деп жазған.

Жасанды интеллекттің ең маңызды жақсы жағы: біріншіден, адамдарды жалықтыратын жұмыстардан жалықпайды және ол үшін үзіліс, демалыс, тынығу керек емес.

Түптеп келгенде, медицинада жасанды интеллектті аз уақытта көп рентген кескінін қарап шығып, оларды каталогта бар кескіндердің орасан зор санымен салысты­ратындай күйге апаруға әбден болады. Өйткені мұндай жұмыстарда адамның жиі қателесу қаупі бар. Ал бұл бір жұмыс күшін толтырады және рентгенологқа айтарлықтай көмек болар еді. Алайда алдағы уақытта жасанды интеллект диагности­камен айналысса, рентге­нологтар жұмыс жөнінен қиындыққа тап болуы ғажап емес.

Топольді турасын айтты деп отырған боларсыз. Бәлкім, оның пікірімен келіспессіз. Бірақ, Топольдің түсінігінде былай: «Машиналар кей міндеттерді атқару барысында адам баласынан асып түсуі әбден мүмкін. Адамдар машиналардан адамгершілік қасиеттері арқылы ерекшеленеді. Ал науқасқа керегі – дәрігердің мейірімі мен жанашырлығы. Бұл тұста жасанды интеллект дәрігерлерді ауыстыра алмайтыны анық».

Алдына келген науқастың тән жарасымен қоса жан жарасын тануға барынша атсалысып, Гиппократ антына беріктігін байқатып жүрген абзал жандарға жасанды интеллект жай ғана көмекші құрал бола алады. Мәселен, жоғарыда айтқан электронды медициналық карталарды толтыруы мүмкін. Ал науқасқа көбірек көңіл бөлетін қай дәрігерді болсын, робот ешқашан ауыстыра алмайды. Бастысы, көмекші ретінде дәрігердің уақытын тиімді жұмсауына ықпал етеді.

Бала күнімізде пультпен басқаратын теледидар, жарық, автомобиль жай ғана ертегі тәрізді болатын. Қазір әрбіріміздің қолданысымызда. Ендеше жасанды интеллекттің әлемде қарқын алуы елімізге де ену мүмкіндігін көрсетеді.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!