Қазақстанда жасанды интеллектіні пайдаланып, медициналық диагноз қою пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Бірқатар емханаларда жаңа жүйе іске қосылған, дәрігерлер оның арқасында қағазбастылық азайып, жұмыс жеңілдегенін айтады.

Президент Жолдауында айтқандай, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу көзделген. Енді компьютерлік, МРТ, УДЗ сияқты зерттеу қорытындылары дәрігердің көмегінсіз небәрі екі минутта дайын болмақ.

Алайда науқастар жаңа технологияға күмәнмен қарайды: «қателеспей ме?» десе, дәрігерлер де жасанды интеллектіні толық сеніммен қабылдай қойған жоқ.

Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі, халықаралық сарапшы Олжас Әбішев бұл бағыттың артықшылықтарын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект дәрілердің үйлесімін талдап, қауіпті комбинацияларды болдырмайды, емнің тиімді нұсқасын ұсынады. Фармацевтика саласында да пайдасы зор: жаңа препаратты жасау мерзімін 5–10 жылдан 1,5 жылға дейін қысқартып отыр.

Сонымен қатар жасанды интеллект бір дәрігердің орнына мыңдаған пациентке кеңес бере алады: қарапайым сұрақтарға өзі жауап береді, ал күрделі жағдайды ғана маманға жібереді. Ғылыми мақалалардың ағынын саралап, дәрігерге ең қажеттісін ұсынады. Тіл кедергісі де жоқ: кез келген материалды қазақша, орысша немесе басқа тілде оқуға мүмкіндік бар.

Тағы бір жаңалық – жасанды интеллект науқастың шағымын тыңдап отырып, хаттамаға сай медициналық құжаттарды автоматты түрде толтыра алады. Дәрігер пациентпен еркін сөйлесіп, соңында дайын құжатты тексеріп бекітеді. Сарапшылардың сөзінше, жүйенің қателігі адамға қарағанда 15 есе аз.

Мамандардың айтуынша, медицинадағы жасанды интеллектінің пайдасы күмәнінен әлдеқайда басым.

Серік Алдан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!