Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысында болған жер сілкінісі кезінде дәрігерлер бірнеше ауыр ота жасап, бірнеше науқастың жанын арашалап қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Раушан Әбдуәлиева қауіпті жағдайға қарамастан, төртінші баласын аман-есен дүниеге әкелуді көздеген аяғы ауыр әйелге кесарь тілігін жасады.

«Нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы шығару кезінде, жан-жағымыз дір ете қалғанын сездік. Бұл жер сілкінісі екендігін түсіндік. Дегенмен, ана мен бала өмірінің қауіпсіздігінің маңыздылығын ойлап, отаны сәтті аяқтауды көздедік. Мен жатырды тігуге кірістім. Әйелге жұлын анестезиясы берілгендіктен, ол нәрестесінің аман-есен дүниеге келгенін түсініп, жақсы сезімде болды. Мен үшін оның сол кездегі психологиялық тыныштығы бәрінен де маңызды еді: «Сүйкімді сәбиіңіз дүниеге келді, құттықтаймыз!»,- дедім. Қуанышымызға орай, әйел жер сілкінісін сезбеді. Жаңа ғана сәбилі болғанына қуануда болды», – деді акушер-гинеколог дәрігер Раушан Әбдуәлиева.

Ұл бала салмағы 3910 грамм, бойы 55 см болып дүниеге келді. Ананың да, жаңа туған нәрестенің де жағдайы жақсы.

«Бұл ең бастысы еді. Отадан шыққаннан кейін мен, әрине, жолдасыма және балаларыма қоңырау шалдым. Оларда барлығы жақсы екендігін білдім және «Тыныштық эмоциялардан күшті» екен деген қорытынды жасадым. Мен, бұл күнге дейін, бала туылған кезде жер сілкінісі болатынын елестете де алмағанмын, бірақ эмоцияға берілмеу, менің назарымды қуанышты оқиғаға аударуға көмектесті. Мен тіпті не қилы жамандық туралы ойлағым да келмеген еді! Ота сәтті аяқталды, дегенмен есімізде мәңгілік сақталып қалатыны сөзсіз!», – деді дәрігер.  

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының тағы бір топ дәрігері зілзала кезінде ауыр ота жасап, науқасты аман алып қалды.

Хирург-дәрігер Тахир Шкуралиев, Айдос Кизатов және Айжарық Шерхан 50 жастағы науқасқа ауыр ота жасап жатқанда 5 балдық жер сілкінген.

«Біз не болып жатқанын бірден түсіндік, бірақ ешқайсымыз үрейленбей, сабырлы түрде отаны жалғастырдық. Жер сілкінісінің күші одан да жоғары болса да, біз науқасты қалдырмайтын едік», – деді оташы-дәрігер Шерхан Мұратұлы.

«Сәл болсада, қорқыныш болды ма?», – деген сұраққа, дәрігер«Жоқ!»,- деді. Зілзалада реанимация столында жатқан науқас қазір өзін жақсы сезінеді. Ол Қонаев қаласы дәрігерлерінің өзіне экстремалды жағдайда ота жасағанына таң қалып, алғысын жаудырды. 

«Керісінше, науқастың өмірі мен денсаулығы бәрінен де жоғары екенін, тіпті жер сілкінісі де оны тағдырдың тәлкегіне қалдыруға себеп болмайтынын тағы бір аңғарған жағдай болды. Біздің емдеу мекемесінде бірде-бір дәрігер науқасын тастап кетпей, оның қауіпсіздігі үшін, керісінше, жер сілкінісінің ықтимал зардаптарынан қорғауға тырысқанына сенімдімін», – деді маман. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!