Бүгінде облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының құрамында 4 қалалық, 9 аудандық бөлімше мен оперативті бөлім және медициналық авиация бөлімшесі қызмет етеді. Сәйкесінше, жедел жәрдем орталығында жалпы саны 50 шақырыс тобы, 18 дәрігерлік топ, 10 желілік дәрігерлік бригадасы сондай-ақ, 32 фельдшерлік топ қамтылған. Өңірде соңғы 5 ай көлемінде 103 қызметіне түскен шақыртулар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға өсіп, 191 584 қоңырауды құрады.

Бұл туралы Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов хабарлады.

– Қазіргі таңда облыстық жедел жәрдем орталығы медициналық құрал-жабдықтармен және санитарлық автокөліктермен толықтай жабдықталған. Жедел жәрдем көмегіне жүгіну үшін азаматтар 103 байланыс нөміріне немесе мобильдік қосымшаларды пайдалана отырып тиісті мекенжайға шақырта алады. Орталық шақырту алған сәттен бастап жедел іріктеу жүргізіп, науқастың ауру белгілеріне қарай дәрігер мамандарды дереу жібереді. Ал ауылдық елді мекендерде жедел жәрдем шақырту қажеттілігі туындаса оны аудандық кіші жедел жәрдем станциясы ұйымдастыруы керек. Яғни, олар жақын жердегі медициналық ұйымдардың мамандары мен санитариялық автокөліктерді уақытында шақырған жерге жеткізуі тиіс. Жалпы жедел жәрдем орталығы шақыртуды қабылдаған сәттен бастап науқасқа 10-60 минут аралығында жетуі тиіс, – деді басқарма басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы.

– 2016 жылдан бері жедел жәрдем қызметін оңтайландыру мақсатында пилоттық жоба сәтті жүзеге асып келеді. Біздің орталықта жалпы саны мыңға жуық медицина саласының маманы жұмыс істейді. Осы жылдың 5 айында жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер саны 1 пайызға өскен. Дегенмен медициналық авиация көмегіне жүгінушілер саны 14,8 пайызға азайып отыр. Бүгінде жедел медициналық жәрдем қызметі облыс халқына сапалы медициналық көмек көрсету үшін озық тәжірибелерді ұтымды пайдаланып келеді, – деді облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің медицина ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Нұрсейітова.

Айсұлу ҚОСЖАНОВА,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

1 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!