Желшешек – ауа тамшылары жолымен жұғатын, қызбамен, орташа айқын интоксикациямен және кең таралған везикулезді бөртпемен сипатталатын жіті инфекциялық ауру.
Қызылорда облысында 2025 жылдың 9 айында желшешектің 754 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,23% төмендегенін көрсетеді. Жалпы анықталған деректердің 86,3% – 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды.
Инфекция көзі ауру адам болып табылады, ол вирусты 100% жағдайда таратады, сондықтан ауру кезеңінде науқас пен сау адамдар арасындағы байланысты шектеу өте маңызды. Инкубациялық кезең 10-нан 21 күнге дейін созылады.
Сырқаттанушының ең алдымен дене температурасы 39-40 градусқа дейін күрт көтеріледі, басы аурады. Желшешектің ең айқын белгісі – бөртпе шығу. Денеде қышыну пайда болғанша үй жағдайында болу керек. Бұл әдетте дақтар шыққаннан кейін 5 күннен соң пайда болады. Сусыздануды болдырмас үшін көп сұйықтық ішу қажет. Сәбилердің тырнақтарын қысқартып, әсіресе түнде ол өзін тырнап, жарақаттап алмас үшін қолына шұлық немесе қолғап кигізген дұрыс. Жылы, бірақ ыстық емес душ қабылдаған абзал, содан кейін теріні ысқыламай, құрғатып, денедегі дақтар жазылғанша бос киім киген дұрыс.
Ең бастысы – жараның қабығын алмау, теріні тырнамау. Тыртықтар қалып қоймауы үшін теріге тиіспеген дұрыс. Егер қызба 39-дан асып, бөртпе элементтері пайда болса, науқас өзін жайсыз сезініп, мазасызданса дәрігер көмегіне жүгіну қажет.
Балаларда желшешек ересектерге қарағанда жеңіл түрде өтеді, ал ересектерде әдетте ауыр ағымда жүреді. Желшешекпен ауырған адамдарда осы инфекцияға тұрақты иммунитет қалыптасады.
Әлия Әбдіқайымова Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!