Жіті ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Ішек жұқпасы әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Барлық ересектердің, балалардың дизентериямен, сальмонеллезбен және басқа да жіті ішек инфекцияларымен ауырмаған ел жоқ. Жұқпалы жіті ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі – жаз айлары болып есептеледі.
Ішектің ауруға шалдығуы, іштің бұзылуы организмнің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты. Ішек инфекциясы – жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп сыртқы ортаға тарайды. Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдардан, сондай-ақ ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады.
Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, сәбилердің емшектен бас тартуы, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауруы, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, іштің ауырсынуы, дәретке қан немесе кілегей араласуы – аурудың алғашқы белгілері.
Науқастың жиі құсып, іші өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Өйткені организм тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаған жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Бірақ дәрігер келгенге дейін уақыт кетеді, сондықтан мүмкіндігінше дереу көмек көрсеткен жөн. Ол үшін науқасқа мол сұйықтық ішкізу қажет. Антибиотик қолдануға болмайды, себебі ол аурудың клиникалық сипатын өзгертеді де, дұрыс диагноз қоюды қиындатады.
Жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін: емшек сүті (нәрестелерге), айран, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, сондай-ақ «Регидрон» ерітіндісі (1 пакет ұнтақты 1 литр қайнатылып, бөлме температурасында салқындатылған суға ерітіп дайындайды).
Дайын ерітіндіні әрбір 3-5 минут сайын ішкізу керек. Егер құсу болмаса, аз-аздан жиі ішуге болады. Ерітінді әрбір күнге жаңадан дайындалуы тиіс.
Ішек инфекцияларының алдын алу үшін тағамдық азық-түліктің сапасы өте маңызды. Көптеген тағамдарда бактериялар тек өміршеңдігін сақтап қана қоймай, адам қолынан тағамға түсіп, ауыз арқылы асқазан-ішек жолына енгенде қарқынды түрде көбейеді.
Әсіресе термиялық өңдеуден өтпейтін тағамдар қауіпті. Оларға салаттар, винегреттер, жемістер мен жидектер жатады. Салаттар мен винегреттерді, әртүрлі тұздықтар мен гарнирлерді тоңазытқышсыз түнге қалдыруға болмайды. Жаз және күз мезгілінде сүт пен сүт өнімдерінде бактериялар жылдам көбейетінін білу керек.
Жеке адамдардан сатып алынған құйылып сатылатын сүтті міндетті түрде қайнату қажет. Пастерленген ірімшіктен пісірмелер, пудингтер, сырниктер дайындаған дұрыс. Дайын тағам қалдықтарын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста сақтау, шикі мен дайын тағамды бөлек ыдыста ұстау керек.
Тауық еті дүкенде +2, +3°С температурада 2 тәуліктен артық сақталмауы тиіс. Жұмыртқа бөлме температурасында 25 тәуліктен артық тұрмауы керек. Құс еті мен жұмыртқаны сатып алғанда, олар қорапта болса да бөлек пакетке салу қажет.
Өнімдердің жақсылап қуырылуына және қайнатылуына көңіл бөліңіз. Етті ірі кесек жасамай, кемінде 1 сағат қайнату керек. Жұмыртқаны 15 минуттан кем емес қайнатқан жөн (осы уақыт ішінде сальмонеллалар толық жойылады). Жұмыртқаны шикі немесе шала піскен күйінде қолдануға болмайды.
Ал ең кішкентай нәрестелерге келсек, оларды аурудан сақтау үшін қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтау маңызды. Баланы әрбір тамақтандыру алдында және тағам дайындаудың алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек.
Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн.
Әсем ОМАРОВА,
Қызылорда бөлімшелік көліктегі
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!