Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Жазғы мезгілде жеміс-жидекті мұқият тазалай тұтыну әсерінен Алматыда жіті ішек инфекцияларына шалдыққандар көбейген. Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы қарапайым паразиттер тудыратын бұл аурудан сақтанудың жолдарын айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM ақпарат агенттігі.
– Жіті ішек инфекциялары – түрлі бактериялар, вирустар немесе қарапайым паразиттер тудыратын және интоксикациямен, іштің ауыруымен, іштің өтуімен және құсумен жүретін асқазан-ішек жолдарының аурулары. Мұндай инфекцияларға: дизентерия, сальмонеллез, іш сүзегі, тырысқақ, иерсиниоз, тағамдық токсикалық инфекция және вирустық диарея (ротавирустық және норовирусты инфекциялар) жатады. Аурулар жыл бойы, бірақ көбінесе көктем мен жазда тіркеледі, – деді ол.
Сондай-ақ департамент басшысы Жіті ішек инфекциясының негізгі белгілерін атап өтті.
– Жіті ішек инфекциясының негізгі белгілері: іштің су сияқты жиі өтуі, дене қызуының көтерілуі, балалардың емшектен бас тартуы, асқа тәбеттің болмау, шөлдеу, құсу, бас ауруы, жалпы әлсіздік, мазасыздық, ауырсыну, іш ауруы. Көкөністерді, жемістерді және басқа да тағамдарды жеткілікті түрде жумай тұтынудың көбеюіне байланысты аурушаңдық өсуде. Инфекцияның ластанған су қоймаларында суға түсу кезінде де берілуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Кез келген жастағы адамдар жіті ішек инфекцияларымен ауырады, бірақ сырқаттану 6 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі, – дейді маман.
Жалпы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың 6 айында Алматы қаласында жіті ішек инфекциясының 132 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 91 жағдай (68,9%) – 14 жасқа дейінгі балалар. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 12,8%-ға артқан. Атап айтқанда, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 9,6%-ға көбейген.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ішек инфекцияларымен ауырмау үшін қарапайым ережелерді сақтауға шақырады:
1) Дәретханаға барғаннан кейін, тамақ ішер алдында және тамақ дайындау алдында қолды сабынмен үнемі және мұқият жуу. Бұл қолмен жанасу арқылы инфекцияның берілу қаупін азайтуға көмектеседі.
2) Тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды ішу. Белгісіз су көздерінен, әсіресе санитариялық жағдайы нашар аймақтарда ауыз су ішуден аулақ болу қажет.
3) Тағамды дұрыс пісіру, оны мұқият термиялық өңдеуден өткізу. Шикі немесе шала пісірілген тағамды тұтынбаған дұрыс.
4) Ластанған су айдындарында шомылмау, жүзу кезінде ауызға суды жібермеу керек.
6) Кездейсоқ адамдардан немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан тағам сатып алудан бас тарту.
– Жедел ішек инфекциясының белгілері немесе симптомдары байқалғанда дереу медициналық көмекке жүгіну керек және өзін-өзі емдеуге болмайды, – деп түйіндеді Қасымхан Алпысбайұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!