Кейінгі кездері «коронавирус инфекциясы инфаркт пен инсульттің пайда болуына әкеледі» деген түп негізі белгісіз ақпарат жиіледі. Әлемде онсызда жүрек-қан тамырлары ауруымен тіркелген науқастар саны жыл сайын артып келе жатқанын ескерсек, бұл дерекке сену-сенбеу қиынға соғады. Бірақ вирустың өзге түрлері ішкі ағзаға енгені тәрізді, жүрекке де вирустың түсетіні рас.
Бір анығы, инфаркт жыл сайын жасарып келеді. Бұрын тек үлкендерде ғана кездесетін қауіпті ауру қазір жас талғамайтынын мамандар да дәлелдеп отыр. Зерттеушілер аталған аурудың көбіне тұрмысы төмен мемлекеттерде жиі кездесетінін байқаған. Осы орайда алдымен аурудың пайда болу себебін тағы бір нақтылауды жөн көрдік.
Кардиологиялық орталықтың меңгерушісі Берік Русланұлы инфаркт көп жағдайда генетикалық жолмен немесе жүре пайда болатынын айтады. Генетикалық жағдайға тұқымқуалаушылық фактор әсер ететіні белгілі. Ал екінші себепті адамдардың дұрыс тамақтанбауы, қосымша сырқаттардың болуы, зиянды әдеттер, стресс жағдайлар тудырады. Ең бірінші кезекте атеросклероз, яғни коронарлы тамырлардың атеросклерозды дақтармен, одан әрі қарай тромбпен бітелуінің салдарынан инфаркт болады.
‒ Соңғы уақытта жұмысқа қабілетті жастар арасында аталған сырқат кеңінен байқалуда. Кейінгі жылдардағы статистикаға сүйенсек, облыс бойынша тек миокард инфарктын алатын болсақ, 30-39 жас аралығындағы науқастар саны 2019 жылы ‒ 8, 2020 жылы ‒ 7, 40-49 жас аралығы 2019 жылы ‒ 27 болса, 2020 жылы ‒ 35-ке өскен. 50-59 жастағылар саны 2019 жылы 46 болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 72-ге көбейген. Ал 60-69 жастағы науқастар саны 2019 жылы ‒ 68 болса, 2020 жылы 94 адамға жеткен. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша соңғы онжылдықта 25-29 жас аралығында сырқаттанғандар саны 3 есеге, ал 30-40 жас аралығындағы науқастар саны 2 есеге өскенін айтады. Сондай-ақ әйелдерге қарағанда ер адамдарда ауру белгілері жиі кездеседі. Тағы бір назар аударатын маңызды жайт, жастарда жас ерекшеліктеріне қарамастан инфаркт ағымы, одан кейінгі аурудың асқынулары егде жастағы науқастармен бірдей өтетіні байқалды. Мұны ғалымдар жастар арасындағы созылмалы стресспен, саламатты өмір салтын дұрыс ұстамаумен байланыстырады.
Инфаркттың негізгі белгілері барлық науқаста бірдей бола бермейді. Көбінесе төс артының қатты ашып, күйдіріп ауырсынуы, ауырсынудың сол қолға, сол мойын, төменгі жақ аймағына, тістеріне немесе жауырын арасына таралуы, ауырсынудың 20 минуттан ұзаққа созылуы, қара терге түсу, қорқыныш, үрейлену сезімі, ентігу, дем жетіспеу сезімі болуы мүмкін. Жүректің төменгі немесе артқы қабырғасының миокард инфаркты дамыған кезде науқастарда асқазан тұсының ауырсынуы, лоқсу, құсу сияқты белгілер болады, ‒ дейді дәрігер.
Енді жүректегі вирус жайына оралсақ. Дәрігердің айтуынша, ағзаға вирусты инфекциялар ауа-тамшылары арқылы енеді. Еуропа елдері мен Солтүстік Америкада миокардит пен кардиомиопатиялардың 75%-ы Коксаки А және В, аденовирус, грипп вирусты екені анықталған.
– Кардиальды патологиялық процесске жүректің барлық қабаттары (перикард, эндокард, миокард), өткізгіштік жүйесі, тамыр эндотелийінің қатысуы, яғни вирус осы мүшелерді зақымдауы мүмкін.
Мұндай жағдайда клиникалық белгілер ентігу, дем жетіспеу, кеуде тұсының ауырлық сезімі, жүректің қатты соғып кетуі, әртүрлі ырғақ бұзылысымен байқалады. Диагнозды науқастан соңғы кезде басынан өткерген вирусты инфекцияның болу-болмауын сұрастыру арқылы нақтылайды. Одан бөлек лабораторлы (жалпы қан анализінде нейтрофильді лейкоцитоз, эозинофилия, КФК мен кардиотропты көрсеткіштердің жоғарылауы), инструментальды (ЭКГ, эхокардиография, МРТ, эндомиокардиальды биопсия) тексерулер жүргізіледі.
Жүрекке вирустың енуі анықталған жағдайда физикалық күштемелерді шектеу, симптомдық қабынуға қарсы, этиотропты вирусқа қарсы, жүрек шамасыздығын емдеу көрсеткіштеріне қарай оперативті ем жүргізіледі.
Вирусты миокардиттің жедел түрімен сырқаттанған науқастардың 60%-ы толық айығып шығады. Кейбір жағдайларда созылмалы-рецидивтеуші ағымында дилатациялық кардиомиопатияларға (шамамен науқастың 21%-ы, 3 жылдың ішінде) әкелуі мүмкін. Бір анығы, кез келген сырқаттың емделіп, толық айығуына ерте диагностикалау мен уақытылы жүргізілген патогенетикалық емнің маңызы зор, – дейді кардиолог Берік Русланұлы.
Маманның сөзіне сүйенсек, қазіргі медицинаның жүрек ауруларын емдеуге толық мүмкіндігі бар. Сол үшін әлемде жыл сайын инфаркттың себебін жоюға, емдеуге арналған жаңа тәжірибе мен еңбектер жасалуда деп айтуға болады. Ал өңірдегі жағдайға оралсақ, 2009 жылдан бастап коронароангиография, стенттеу мүмкіндігімен, оперативті ем аорто-коронарлы шунттау отасын жасау қолға алынған. Барлық емханада сырқаттың алдын-алу мақсатында скринигтік бақылаулар жүргізу де жолға қойылған. Алайда халық арасында аталған аурудың белгілерін толық білмегеннен уақыт жоғалтып, дәрігерге дер кезінде қаралмаудың салдарынан ауру санын азайту мүмкін болмай тұрғаны сала мамандарын да алаңдатып отыр.
‒ Коронавирусты инфекцияның пайда болғанына аз уақыт болуына байланысты әлі де зерттелу этапында десек болады. Бұл вирус жүрекке тікелей әсер етіп, инфарктқа алып келеді деген нақты анықтама жоқ. Алайда соңғы 2 жылмен салыстырғанда ауру санының көбейгені байқалады. Коронавирустық инфекцияның асқынуы артериялардың тромбозы екені анықталды. Мүмкін осы себеп те коронарлы тамырлардың тромбозын тудыруы мүмкін деген түсінік бар.
Көпшілік пікірінде «адам бір рет инфаркт алса, тағы да қайталанады немесе инфаркт алған адам қалыпты өмірге орала алмайды» деген пікір бар. Бұл қате түсінік. Оның барлығы науқастың өзіне байланысты деп ойлаймын. Егер науқас дәрігер тағайындаған тағайындауларын толық сақтаса, яғни барлық дәрілерді уақытында ішіп, саламатты өмір салтын ұстанса, қайтадан калыпты өмірге оралады, ‒ дейді медицина маманы.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!