Дәрігер болу жігер мен табандылықты қажет етеді. Үздіксіз ізденіс, жан-жақты білім ғана мамандықтың қыр-сырын үйренуге жол ашады. Бүгінгі кейіпкер Айнұр Тоқшылықова да аталған сынақтан сүрінбей өтіп, медицина саласының білгіріне айналғандардың бірі. Бүгінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің аға оқытушысы, дәрігер-реаниматолог сан науқастың дертіне дауа табуына септесіп келеді.
Айнұр бала кезінен дәрігер болуды армандаған. Бала арманы нақты мақсатқа айналып, көп өтпей саланы жан-жақтан зерттеуге көшкен. Қосымша мәліметтен бөлек, өмірлік жағдай да аталған бағытқа жақындата түскен секілді. Ата-анасы сырқаттанған шақта алғашқы көмек, науқасқа күтім жасау секілді дағдыларды үйрене бастады. Салалық әдебиеттер, оқулықтармен де ерте танысты. Мектепті үздік бітірген соң дәрігер атану мақсатында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне оқуға түседі. Айнұрдың өзі өмірдің бұл белесін былайша еске алады:
– Медицина академиясын таңдағаныма өкінбеймін. Алғашында мемлекеттік білім гранты есебінен оқуға ниеттенген едім. Алайда қажетті балл жинай алмаған соң ақылы бөлімге оқуға түсуге тура келді. Табандылық пен іздену нәтижесінде 2-курстан бастап тегін оқуға қол жеткіздім. Осылайша оқуды үздік аяқтап, сала маманына айналдым. Тек жұмыспен шектелмей, оқуымды жалғастыру да назардан тыс қалмады. Себебі мамандық салғырттықты көтермейді. Науқастардың өмірі мен денсаулығына жауапты болудың жүгін сезінудемін, – дейді ол.
Айнұрдың еңбек жолы медицина саласының қайнаған қызу тіршілігіне тым жақын. Мәселен, оның алғашқы қызметі – учаскелік дәрігер. Ол түнгі ауысымда жұмыс істеп, шыдамды шыңдай түсті. Тіпті, осы аралықта резидентураға оқуға тапсырып, анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып жұмыс істеді. Сондай-ақ білген дағды, игерген білімін кейінгіге үйретуді де мақсат тұтты. Осы оймен өзі білім алған университетте сабақ беруге де уақыт тапты.
– Жұмыстың ауырынан қашқаным жоқ. Түнгі ауысымда қызмет істегенім де рас. Сонда да білімімді жалғастыруды мақсат еттім. Жан-жақты ізденіп, науқас дертін емдеудің жолын зерттеуге қадам жасадым. Қазіргі таңда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті анестезиология және реаниматолог кафедрасының аға оқытушысы және ауруханада дәрігер-реаниматолог болып қызмет істеймін. Дәрігер болған соң уақытпен санасу деген түсінік жоқ. 24 сағат жұмыс істеуге дайын болу керек. Кейде науқастар беймезгіл уақытта мазалайтын жағдайлар кездеседі. Бәріне үлгеруге, көмектесуге тырысамын. Бұл артық жүктеме, шектен тыс жұмыс істеу емес. Бар болғаны мамандыққа адалдық, науқастарға көмектесуге деген құлшыныс, – дейді дәрігер.
Салаға салғырт қарамау, мамандыққа жан-тәніңмен берілу – табысқа жетелейтін қадам. Айнұрдың бойынан аталған қасиеттің бәрін көруге болады. Халық саулығын қадағалау жолында еңбек еткен мұндай маман қандай құрметке болсын лайық екені сөзсіз.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!