Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ұмраға алып барамын деп жүзден аса адамды алдап кеткен компанияға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін БАҚ-та Ырыскелді Мейіржан есімді наиб имам 180 адамды қажылыққа апарамын деп алдап кеткені жайлы ақпарат тарады. Алайда ҚМДБ оның имам екенін жоққа шығарды.
«Ырыскелді Мейіржан Бауырұлы еліміздің бірнеше аймағынан жүзден аса азаматты ұмраға алып барамын деп ақша жинап, уәдесін орындай алмаған. Мейіржан Бауырұлы ешқандай діни қызмет атқармаған және мешітте наиб имам болып жұмыс істемейді», – деді Діни басқармасында.
Алматы облысының Іле ауданындағы «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітінің наиб имамы Ырыскелді Мейіржанға ұмра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өткізуге көмектескен.
«Алматы облысының Іле ауданындағы «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітінің наиб имамы Тамашбеков Марсельге Мейіржан Бауырұлы ұмра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өтіп беру жөнінде өтініш жасаған. Наиб имам діни құлшылықты түсіндіру мақсатында өтініштерін қабыл алып, екі рет сабақ өткізген. Дәріс соңы сұрақ-жауап негізінде жалғасып, наиб имам сол компания қызметі жайлы білген ақпараттарымен де бөліскен», – деді ҚМДБ түсініктемесінде.
«Jazеra travel» компаниясына қатысты даулы мәселе құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп жатыр. Наиб имамның аталмыш мәселеге қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Соңғы кезде қоғамда ұмра сапарын ұйымдастырушы кейбір турфирмалардың күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар көбейіп кетті.
«Осы орайда ұмраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалар жауапкершілігінде екенін еске саламыз. ҚР сыртқы туризмді реттейтін тиісті заңнамасына сай ұмра сапарын топпен ұйымдастыру үшін міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс және әр ұмра жасаушыға туроператор тарапынан туркод берілуі қажет. Мұндай талаптар орындалмаған жағдайда ұмраны топпен ұйымдастыру ҚР заңдарына қайшы. Осы ретте ұмраға апарушы турфирмалардың қызметін қадағалауға Діни басқарманың заңды құзіреті жоқ екендігін жеткіземіз», – Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы.
ҚМДБ қазақстандықтарды ресми туроператорлық лицензиясы жоқ туркомпаниялармен ұмра сапарына бармауға шақырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!