Аффирмация – латын тілінде «бекіту, растау» деген сөзге саяды. Яғни психологиялық тұрғыда «Мен бақыттымын, баймын, жан-дүнием сау, зәулім үйім бар» деген сияқты сөздерді күнделікті бірнеше рет қайталау арқылы өзін-өзі сендіру, иландыру, санасында сол ойды орындалғандай етіп бекіту.
Бүгінде аффирмацияны айтуға насихаттап жүрген психологтар «Аффирмация жұмыс жасау үшін оған 100 пайыз сену керек. Әр арман-мақсатың орындалғандай нақты сеніммен айту шарт» деп үйретеді. Сонымен қатар «Дінде жақсылық тілеу бар, жақсылықтардың барлығын бір Алла беретініне сенеміз» дегендей шариғатпен байланыстырғылары да келеді. Аффирмацияға 100 пайыз иланып, көп қайталаумен тілегің қабыл болады, оны дұрыс жасамасан тілегің қабыл болмайды деу шариғат негіздеріне сай келмейді. Себебі Алланың қалауынсыз ешнәрсе жүзеге аспайды. Әрине себепті ұстанбау ақымақтық, бірақ сол себептің өзі бір нәрсені болдырады деп сену күпірлік. Сондықтан әрбір істе әуелі Аллаға сүйену керек. Құранда Алла Тағала:«Қандайда бір іске бел бусаң, Аллаға сүйен! Алла сөзсіз өзіне сүйенгендерді жақсы көреді». Басқа бір аятта:«Саған ғана құлшылық етеміз және Сенен ғана жәрдем тілейміз» деп бір Өзінен ғана тілеуге шақырған.
Әнас ибн Малик (р.а) жеткізген хадисте, пайғамбармыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):«Сендердің біреулерің қажеттерін Раббысынан сұрасын, тіпті үзіліп қалса, аяқ киімінің бауын да Одан сұрасын» деп, базарда толып тұрған баудың өзін Алладан ғана сұрауға шақырған. Олай болса неліктен шариғатымызда негізі жоқ, кеше ғана пайда болған тұжырымдарды қолданбақпыз?! Құдси хадисте Алла Тағала:«Кім менен сұраса, оған беремін…» деген. Ендеше не сұрасақ та, не қажет болса да, бір Алладан ғана сұрап, екі бүйірімізді шығарайық. Алла баршамыздың тілеуімізді берсін!
Жеңіс ӘБИБУЛЛАҰЛЫ,
Қызылорда облысы бойынша
пәтуаға жауапты маман
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!