Фото: скриншот
Алматы қаласында жолды жауып, намаз оқығаны үшін 30-дан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы полиция департаменті жол қозғалысына кедергі жасау қандай себеппен болса да, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы екенін және жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
«Заң талаптарын бұзған 30-дан астам адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 614-бабына сәйкес («Көлік қозғалысына кедергі жасау») әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматы қаласы полиция департаменті азаматтарды заңға бағынуға шақырады және мұндай құқық бұзушылықтарға жол берілмейтінін атап өтеді», — делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Оқиға 6 желтоқсанда Алматы қаласындағы Орталық мешіт маңында болды. Жұма намазына келген жамағат мешіт ауласына сыймағандықтан, Мәметов көшесінің бойында, жол үстінде намаз оқуға мәжбүр болған. Бұл әрекет жолда көлік кептелісін тудырып, қала тұрғындарына қолайсыздық әкелді.
Алматы полициясы мұндай жағдайларды болдырмау үшін профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтетінін мәлімдеді.
«Мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін құқық қорғау органдары тиісті шаралар қабылдайды және жол қозғалысын бұзатын кез келген әрекетке тосқауыл қояды», — деп атап өтті полиция өкілдері.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!