Ел аузында «тиктокер имам» ретінде танылған Нұрлан Байжігітұлы елімізде ауызашар бәсекеге айналып бара жатқаны жайлы “Алматы ақшамы” газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Нұрлан Байжігітұлы ауызашар деген жақсы, сауапты амал екенін, бірақ біреуді қонақ қылып, дастарқан жаятын кейбіреудің жағдайы жоқ, енді біреулер ресторанды толтырып мыңдаған адам шақырып тамақ бергеніне мәз болатынын айтады. Сондай-ақ ол өзіне облыс әкімі ауызашар беру бойынша хабарласқанын және 700 адамға тамақ беремін деп жарыс жасау жөн еместігі жайлы айтып сынайды.
«Біз ауызашар дегенді тым бәсекеге айналдырып бара жатырмыз. Бірде маған бір облыстың әкімі «700 адамға ауызашар берейін деп едім» деген мәселемен хабарласты. «Сізге жарнама керек пе», десем «жоқ» дейді. Бізде ауызашар берген басшыны бәрі отырып алып мақтайды, құдды сол тамаққа шақырмаса, аштан өліп қалатын сияқты. Негізінде, сол тамаққа қарап отырған күні жоқ, сондықтан бас иіп, көпіртіп мақтауды қою керек. Ауызашар берсеңіз, қабыл болсын, бірақ 700 адамға тамақ беремін деп жарыс жасау жақсы нәрсе емес”, – дейді ол.
Нұрлан Имамның сөзінше, әркім өзінің шамасына қарауы керек. Өзі кредитке батып жүріп, ресторан жалдап, мықты дастарқан жаямын деп тыраштанбау керек.
“Қарызға қарыз жамап не табасың, хадисте айтылғандай су мен құрма берсең де жеткілікті”, –дейді Нұрлан имам.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!