Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев

Әлеуметтік желіде «Демос» қорғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрар Құсайынов Бас Мүфти Наурызбай қажы Өтпеновтің үстінен Әділет министрлігіне арызданғанын жазған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол осыған дейін «Слава Україні» атты қайырымдылық қорын әділет басқармасы сотқа беріп, жаптырғанын айтады. 

«Әділет департаментінің маған таққан айыбы жарғыда қателік кеткен деген уәж еді. Әділет департаменті екінші рет қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттайтын «Тағзым» қорымды тіркемеді. Бұл жолы да әділет департаментінің айтқан аргументі қор жарғысындағы кемшіліктер болатын. Әділет департаменті үшінші рет тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін құрылған «Пейіш» қайырымдылық қорымды да ресми тіркеуден бас тартты», – дейді ол. 

Осы орайда Тұрар Құсайынов Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы деген қоғамдық ұйымның жарғысында «бас мүфти араб тілін жетік меңгеру керек» екені анық жазылғанын айтады.

«Анығында ҚМДБ өз жарғысына сәйкес, араб тілін жетік меңгерген адамды ғана Бас мүфти етіп сайлауы тиіс. Бұны қоғамдық ұйымдарды тіркейтін әділет министрлігі мұқият қадағалауы қажет. Ал министрлік мүфти Наурызбай Өтпеновтің аталған заң бұзушылығын көрмегенсіп отыр. Сондықтан да мен «Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде ҚР заңдарын  қатаң сақтауды Әділет министрлігінен талап етіп, Бас мүфтидің үстінен арыз жаздым және министрлік заңда көрсетілген міндетін жүзеге асырады деп сенемін», – деп жазған қоғамдық бірлестік басшысы. 

ҚМДБ-ның жарғысының бас имамдарға қойылатын талабында қазақ және араб тілін, қажеттілікке қарай орыс тілін білуі міндетті деп жазылған.

Azattyq Ruhy тілшісі арыздың түсуін растау үшін Әділет министрлігінің баспасөз хатшысы Талғат Уәлиге хабарласты. 

«Ондай арыз бізге келіп түскен. Бірақ ондай мәселе біздің құзыретімізге кірмейтін болғандықтан, шағымды басқа мемлекеттік органға жолдадық. Ол Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды. Министрліктерде бұл мүмкіндік бар. Егер біздің құзыретімізге кірмесе, тиісті мемлекеттік органдарға бағыттаймыз. Бұл арыз Мәдениет министрлігіне қарасты Дін істері жөніндегі комитетке жіберілген», – дейді Талғат Уәли. 

Еске салсақ, Наурызбай қажы Тағанұлының араб тілін меңгеруіне қатысты дау осыған дейін де болған. Дінтанушы Асқар Сабдин осыдан 3 жыл бұрын Бас мүфти Каирдегі конференция кезінде журналистерге берген сұхбатында да өрескел қателік жібергенін айтқан. 

«Сұхбатты тыңдаған араб тілінің маманы жағасын ұстады. Себебі, ол «Біз қуаныштымыз» деген сөзді «Нахну масрурун» деген. Мұны аударсақ, «Біз қуанышты» деген түсініксіз сөз шығады. Мұның дұрысы – «Нахну масрурна», – деген ол. 

Ол кездегі тағылған айыпқа Бас мүфти әлеуметтік желісінде жауап та берген. 

«Мен жауапты қызметіме және жеке басыма қатысты орынды айтылған сынды дұрыс қабылдаймын. «Жігітті сын шыңдайды» дегендей, діни мәселеге байланысты кез-келген тұлғамен ашық әңгімелескенді жақсы көремін. Діни саладағы сарапшылармен жиі сұхбаттасып, олардың объективті пікірін тыңдау күнделікті қалыпты жұмысымның біріне айналды. Сізбен де кездесіп, ортақ мәселені талқылап, ұсыныс-пікіріңізді тыңдауға және тиісті шешім қабылдауға дайынмын. Тіпті, осыған дейін өз бастамам бойынша бірнеше рет Сізбен кездесуге тырыстым. Алайда алдын ала жоспарланып, өзіңізбен келіскен кездесу Сіздің шешіміңізге байланысты өтпей қалды. Мен ашық диалогқа әрқашан дайын екенімді тағы да жеткіземін. Көп уақыт созбай жақын күндері Сізбен кездесіп, көрсетілген мәселелерді талқылауға шақырамын», – деген еді ол.

Дінтанушы Асқар Сабдин Бас мүфти Құранды қате оқитынын 2023 жылдың басында Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында да айтқан. 

«Арабшасы қате екені көрініп тұрады ғой, себебі бейнероликтері бар. Кез келген филолог оның араб тілі дұрыс емес екенін талдап береді. Құран аяттарын дұрыс оқымайтынын қарилер айтып береді. Тіпті қарилерге барудың қажеті жоқ. Кез келген медреседе сабақ беріп жүрген немесе Құраннан сабақ беріп жүрген ұстазға барсаңыз, ол айтып береді мына жері қате-қате деп», – деген еді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!