Рамазан – рухани жаңару мен қайырымдылық айы. Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Ал наурыз айының 16-нан 17-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – Ораза айт мерекесі. Сондай-ақ биыл мұсылман қауымы 29 күн ораза ұстайды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қасиетті айға жоспарланған игі шаралар жөнінде облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бекзат Каппаров пен ҚМДБ- ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт- Сырдария» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев баяндады.

– ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде хабарлағандай, Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесінің және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылданды.

Биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасындағы әр адам үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны өзінің қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам береді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады, – деді бас имам.

Пітір садақа еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа нарықтық бағасына негізделіп есептелген. Сондай-ақ садақаны бидай, арпа, мейіз немесе құрма бағасымен де беруге болады. Мәселен, 2 келі бидай – 318 теңге, 2 келі ұн – 735 теңге, 4 келі арпа – 514 теңге, 2 келі мейіз – 6400 теңге, ал 4 келі құрма – 12400 теңге болып бекітілген. Бай, ауқатты жандардың мейіз немесе құрмамен бергені абзал екені айтылды. Бүгінде бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.

– Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб. Осыған орай 2026 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 735 теңге етіп белгіленді.

Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 (төрт мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді, – деді Дастан Құрманбаев.

Имамның айтуынша, мешіттерде дәстүрлі түрде ауызашар дастархандары жайылып, 18 ақпаннан бастап жамағатпен тарауық намаздары оқылады. Сонымен қатар Хатым Құран оқу, уағыз-насихаттар, діни сауат ашу сабақтары ұйымдастырылады.

– «Рамазан сыйы», «ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай мұқтаждарға 35 000 азық-түлік себет», «Бір мәселені шешу», «Рамазан тәттісі» сынды қайырымдылық акцияларын, түрлі форматтағы іс-шаралар мен жарыстар өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар «Хатым Құран», «Бір күнде бір хатым», «Бір айда Құранға түс», «Намаз оқып үйренейік» марафондары, Құранды жатқа және мәнерлеп оқу жарыстары, инттеллектуалды білім сайыстары, жас отбасыларға тәрбиелік кеңес беру мақсатында «Отбасы – рухани тәрбие ошағы» атты шара, «30 күнге 30 уағыз», «30 күнге 30 амал», «Пәтуа сағаты», «Ораза ұстаудың тәртібі», «Бас имам сағаты» шаралары, «Рамазан айында ішімдік сатылмасын!» акциясы, «Жарапазан айту» эстафетасы, «Отбасы және Рамазан», «Жастар және Рамазан: сабыр мен жауапкершілік» тақырыптарында кездесулер, «Көршіңе қуаныш сыйла!» акциясы секілді қосымша шаралар да жоспарда бар, – деді бас имам.

Сондай-ақ Дастан Жанысұлы ораза ұстаудың негізгі шарттары мен үкімдеріне тоқталды. Рамазан айында ораза ұстау ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен әрбір мұсылманға парыз екенін, сәресі таң намазына 10 минут қалғанда тоқтатылатынын һәм ауыз ашу ақшам намазының уақыты кіргенде басталатынын атап өтті.

Рамазан айы – рухани тазару, сабыр мен мейірімге үндейтін ерекше кезең. Имам осынау қасиетті айды сауапты амалдармен өткізуге шақырды.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!