Рамазан айы келгенде мұсылмандар қауымы ауыз бекітіп, рухани тазаруға бет бұрады. Бұл айда адам ашығып қана қоймай, жүрегін жаман ойдан, тілін жаман сөзден сақтап, ізгі амалдарға көбірек көңіл бөледі. Сондықтан ораза – тек діни парыз емес, адамды рухани да, тәндік тұрғыдан да тәрбиелейтін ерекше құлшылық.
Ислам ғалымдары оразаның басты мақсаты – Алланың разылығын алу екенін айтады. Дегенмен қазіргі ғылым да ауыз бекітудің адам денсаулығына пайдалы тұстары көп екенін дәлелдеп келеді. Ас қорыту жүйесінің демалуы, ағзаның тазаруы, иммунитеттің нығаюы – мұның бәрі оразаның денсаулыққа тигізетін оң әсерлерінің бірі ғана. Тіпті кейбір медицина мамандары белгілі бір уақыт аш жүру ағзаның жаңарып, түрлі аурудың алдын алуға көмектесетінін алға тартады.
Оразаның орасан пайдасы бар
Ғалымдардың пікірінше, белгілі бір уақыт аш жүру ағзаның өзін-өзі қалпына келтіру процесін күшейтеді. Ашығу кезінде ас қорыту жүйесі демалып, ағзадағы зат алмасу процестері реттеледі. Сондықтан кей елде бұл әдіс емдік тәсіл ретінде де қолданылып келеді.
Медицинада, мысалы қант диабеті немесе зат алмасу бұзылыстары кезінде науқастарды белгілі бір уақыт ашықтыру тәжірибесі бар. Бұл ағзадағы зат алмасу процесін реттеуге көмектеседі.
– Адам ағзасына оразаның пайдасы өте көп. Отыз күн ораза ұстаған кезде әрбір клеткамыз жасушалық деңгейде тазарады. Яғни толыққанды жаңару процесі жүреді, әрбір ағзада үлкен демалыс болады. Нақтырақ айтсам, ағзамызда клеткалық деңгейде аутофогия процесі іске асады. Ал аутофогия процесі кезінде организмге керексіз шлактар, токсиндер, қажетсіз ақуыздар бір-бірін жеу арқылы клеткалар өз-өзін тазалайды. Отыз күн оразаны толық ұстап шыққан кезде әрбір ағзамыз жасарып, жаңарып, бойымыз энергияға толы болады, – дейді «Health Pro Academy» халықаралық дәрігерлер ассоциациясының төрайымы Аида Мұхтарқызы.
Ашығу біріншіден, жүрек-қан тамырлары жүйесіне пайдалы. Ұзақ уақыт тамақ қабылдамау кезінде жүрек асқазанға қан айдауға аз күш жұмсайды, ал қандағы май мөлшері төмендейді. Екіншіден, көңіл-күйді жақсартады. Ғылыми зерттеулер ораза мидың күйзеліске қарсы тұру қабілетін арттырып, есте сақтау мен ойлау қабілетін жақсартатынын көрсетеді. Үшіншіден, холестерин деңгейін төмендетеді. Бұл инсульт пен инфаркт секілді қауіпті аурулардың алдын алуға көмектеседі. Төртіншіден, ағзаны токсиндерден тазартады. Тамақтану арасындағы ұзақ үзіліс кезінде ағза жиналған майларды ыдыратып, зиянды қалдықтарды сыртқа шығарады. Бесіншіден, ас қорыту жүйесіне оң әсер етеді. Ішек жұмысы жақсарып, кебу, қышқылдықтың жоғарылауы сияқты мәселелер азаяды. Алтыншыдан, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Ораза кезінде асқазан кішірейіп, адамның тәбеті азаяды. Жетіншіден, зиянды әдеттерден арылуға мүмкіндік береді. Рамазан айында темекі шегу, тәтті тағамдарды шамадан тыс тұтыну секілді әдеттерден бас тартуға болады.
Мамандардың айтуынша, ауыз бекіту адамның иммундық жүйесін де нығайтады. Қандағы ауруға қарсы күресетін ақ түйіршіктердің белсенділігі артып, ағза түрлі инфекцияларға төзімді бола түседі. Сондай-ақ ораза кезінде ағзадағы артық майлар ыдырап, бауыр, бүйрек, жүрек және қан тамырлары жүйесіне түсетін салмақ азаяды. Кейбір тері аурулары да ашығу арқылы жеңілдеуі мүмкін.
Кейбір дерекке сүйенсек, тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін асқазан ораза кезінде күніне орта есеппен төрт сағат тынығады. Демек отыз күн ішінде асқазан шамамен 120 сағат демалып, артық майлар мен зиянды қалдықтардан тазарады.
Ораза айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі
Ораза айт – мұсылман қауымы үшін ең маңызды діни мерекелердің бірі. Бұл күн қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіріп, бір ай бойы ұстаған оразаның қорытындысы ретінде атап өтіледі. Сондықтан да айт күні мұсылмандар үшін ерекше қуаныш пен рухани жаңарудың символы саналады.
ҚМДБ мәліметінше, биыл 20 наурыз – Ораза айт мерекесі. Қазақстанда бұл күн ресми демалыс күні болып саналмайды. Айт намазы басталғанға дейін әр мұсылман пітір садақа беруі тиіс. Оның негізгі мақсаты – тұрмысы төмен адамдардың да мерекені қуанышпен қарсы алуына мүмкіндік жасау.
Айт күні таңертең мешіттерде айт намазы оқылады. Намаз уақыты әр өңірде әртүрлі болғандықтан, оны алдын ала нақтылап алған жөн. Айт намазы күн шыққаннан кейін жамағатпен бірге оқылады. Бұл күні әр шаңырақта дастарқан жайылып, қонақ күтіледі. Үй иелері бауырсақ пісіріп, ет асып, түрлі тағам әзірлейді. Қонаққа бару, ауыз тию, көрші-қолаңмен араласу – айттың ажырамас дәстүрлерінің бірі.
2026 жылы пітір садақа мөлшері қанша?
Пітір садақа – қасиетті Рамазан айының соңында берілетін міндетті қайырымдылықтың бірі. Бұл садақа оразаның қабыл болуына себеп болатын ізгі амалдардың қатарына жатады. Қазақстанда халық арасында ол әртүрлі аталады: пытыр садақа, битир садақа немесе фитир садақа.
Қазақстанда 2026 жылы бір адамға белгіленген пітір садақа мөлшері – 735 теңге. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлады. Мүфтияттың мәліметінше, пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасына қарай есептеледі. Себебі бүгінде садақа көбіне бидайдың өзімен емес, одан дайындалатын азық-түліктер – ұн, талқан секілді өнімдер арқылы беріледі.
Пітір садақа – исламдағы міндетті қайырымдылықтың бірі. Оны негізгі қажеттіліктерінен артылатын қаражаты бар әрбір мұсылман беруі тиіс. Әдетте садақаны шаңырақ иесі өзі үшін және асырауындағы жандар үшін төлейді. Олардың қатарына жұбайы, балалары, ата-анасы жатады.
Көпшілікті «пітір садақаны қашан беру керек?» деген сұрақ жиі толғандырады. Шариғатта оның уақыты нақты көрсетілген. Онда пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, Ораза айт күніне дейін беруге болады делінген. Ең абзалы – Ораза айт намазы басталғанға дейін беру. Егер садақа айт намазынан кейін берілсе, ол жай қайырымдылық ретінде қабылданады, бірақ міндетті пітір садақа болып есептелмейді.
Қорытындылай айтқанда, Оразаның негізгі мәні – адамды сабыр мен тәртіпке үйрету. Аштық арқылы адам нәпсісін тыйып, ас-судың қадірін ұғынады. Сонымен бірге, дұрыс ұсталған ораза ағзаның саулығына да оң әсер етеді.
Тілек ҚАБЫЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
