Фото: ашық дереккөзден

Күллі мұсылман асыға күтетін ізгілік пен мейірім айы – Рамазанның алғашқы онкүндігі де өтті. Айлардың сұлтаны саналатын бұл уақыт аралығында адамзат баласына қасиетті Құран түскен. Нәпсі тәрбиеленіп, күнәлар кешірілетін осы мерзімде мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Сондықтан да Алланың мейірімінен үміт ететін, жалған дүниенің сынақ екенін сезінетін жандар Рамазанды жай күндердей өткізбеуге тырысады.

Сухур емес – сәресі, ифтар  емес – ауызашар

Жастардың  арасында  да  ғибадатқа  бейқамдық  танытпай,  ораза  ұстап,  ішіп-жеуден  бөлек  зиянды  әдеттен  тыйылып,  «өзін  жеңетіндердің»  көбейгені  қуантады.  Тек кейінгі  буынның  сөздігінде  сәресінің  сухурға,  ауызашардың  ифтарға  айналып  кеткені  алаңдатуда.  Бұл  мәселеге  Қазақстан  мұсылмандары  діни  басқармасының төрағасы,  Бас  мүфти  Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы тоқталды.

–  Ата-бабалардан  бізге  жеткен, дініміз  Исламмен  сабақтасып кеткен  салт-дәстүрлеріміз  бар, Құдайға шүкір. Соны сақтап қалу мақсатында көп  жұмыс  атқарылуда.  Жақында  «Бабалар ізімен: Қазақ  даласындағы  мұсылмандық мектеп» деген кітап жарық көрді. Бізге Ислам қашан келді, оны бабаларымыз қалай ұстады, қандай бағытта жүрді? Осының барлығы сол еңбекте көрсетілген.  Дәстүрдің  құндылығы аясында оразаға қатысты дүниелерді айттық. Мысалы, оразаға қатысты  сырттан  келген сөздер  бар.  Сәресін  біз  сәресі  деп  келдік, кейбір жастарымыз оны сухур деп атап кетті,  – дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ  ифтарды  ауызашар  деп  айтуға үндеп,  өз  құндылығымызды,  тілімізді дәріптеуге шақырды. Қанша  ғасырдан  бері  құлаққа  сіңісті болған  сәресі,  ауызашар  деген  сөздерді өзгертіп айту басқа елдің мәдениетіне еліктеу екені  сөзсіз.  Өр  мінез,  өжет  батырлығымен ел арасында «Қабан ақын» атанған Қабылиса жырау:  «Бақыт  қайда  барасың?  –  Тарауих намаз оқыған,  Көңіліне  аят  тоқыған,  Ниетті елге барамын. …Сәресі, сахар ішетін,  Хақ  жолына  түсетін, Сәресі ішуге барамын» демей ме?

Тіпті араб тілінен енген  –  МашАллах,  ИншАллаһ, СубханАллаһ деген  сөз  тіркестерінің де Аллаға шүкір, Алла қаласа, Алла сақтасын деген қазақша баламасы бар.

Алла  Тағала  Құран  Кәрімнің  «Рум» сүресінде  тілдердің  әр  алуандығының  өзі Алланың белгілерінен екенін айтады. Белгілі бір  ұлттың  өкілі  болып  жаратылуымыз Жаратқанның хикметі екендігін  мына  аят дәделдей  түсетіндей:  «Ей,  адамдар!  Расында Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық. Және  де  бір-біріңді  тануларың  үшін  ұлттар мен  ру-тайпалар  еттік. Анығында  сендердің ең  қайырлыларың  тақуаларың.  Алла  бәрін білуші, хабардар» («Хужурат» сүресі, 18-аят).

Олай болса, Ислам діні ұлт, ру, халық, тіл ұғымдарын  жоққа  шығармайды.  Пайғамбар (Алланың оған  игілігі  мен  сәлемі  болсын) хадисінде «Әр халыққа өз тілінде сөйлеңдер» деп келеді.

Демек әр елдің тілінен жаңа сөз қоса бермей,  қазақша  баламасымен  атағанымыз  жөн секілді.  Себебі Ислам  діні  араб  болуға  емес, мұсылман болуға үндейді.

Бір ай ғана емес…

Жастар мен жасөспірімдердің ізгілік жолын ұстануға тырысқаны, арзан ойын-күлкіге емес, естілікке  ұмтылғаны  қуантады, әрине. Дегенмен оразаға дайындықсыз келетіндер, ауызашардан кейін ойын  ойнап, ғибадатқа жеңіл-желпі қарайтындар бар.  Бұрынғылар секілді Рамазанға рухани  дайындалып, өзін көп дүниеден тыйып, жақсы әдетті осы айда қалыптастырсам  деген  ниетпен  бастаса, қанекей.

Қазір  мектеп  оқушыларының  арасында ауызашарға жиналуы, садақа береміз деп ата-аналарынан  ақша  сұрауы  кездесіп  қалады. Басқаларға  көмектессем  деген  ниет  жақсы болғанымен, садақаны ата-анадан сұрап емес, өзеңбегіңмен тапқан кезде беруді насихаттау керек секілді.

Рамазан  –  Алланың  мұсылман жұртына жасаған  үлкен  тартуы.  Пайғамбарымыз  бір сөзінде: «Кім рамазан айының оразасын шын иман  және  ықыласпен  ұстаса,  оның  бұрын істеген  күнәлары  кешіріледі»,  –  деген.  Жаратушы  пендесінің  бүкіл  күнә-кемшілігіне қарамастан, рақым нұрын төгетін бұл ай рухани жаңару, тазару уақыты.

Бұл  дүниенің  соңы  болатыны,  жасаған жақсылығың мен жамандығың, оң немесе теріс ниетің,  кішіпейілдігің  мен  тәкаппарлығың сарапқа  салынатыны  ақиқат.  Демек  ораза иманнан туындайды.

Осы  айда  мұсылман  адам  күнәдан  алыс жүріп, жанжал туындаса «мен оразамын» деген  бір  ауыз  сөзбен  өзін  сабырға  жеңдіреді. Он  бір  ай  төпелеп  келген  нәпсіні  тізгіндеп, құлағы  мен  көзін  де  жамандықтан  тыяды. Тоңазытқыш  толы  тамаққа,  бір  жұтым  суға қол  соза  алмай,  Жаратушының  алдында қаншалықты әлсіз құл екенін сезіне түседі.

Құдси  хадисте  Алла  Тағала:  «Аузы берік  адам  ішіп-жеуін  тек  менің  ризалығым үшін  доғарды. Ораза  –  Мені  мен  құлымның арасындағы  риясыз  ғибадат.  Оған  берілетін сый-сауапты  Мен ғана  өлшеп,  Мен  беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», – деп оразаның зор сауабынан хабар беріп сүйіншілеген.

Өз  сөзіңе  қарауыл  қойып  сөйлеу,  көркем мінез  бен  жақсы  әдет  Рамазаннан  кейін  де жалғасса тіпті керемет. Бұл туралы исламтанушы  Абылай  Кенжалы  «Рамазанның  өткеніне бір апта болды. Осы аралықта әрбір дүйсенбі-бейсенбі еш қиналмастан ораза ұстап, таң намазына жарты сағат, тіпті бір сағат қалғанда оянып,  тарауих  секілді  ұзақ  нәпілдерді қарапайым  күндері  де  оқып,  жұмысымыз қанша  жерден  қарбалас  болса  да,  құранға уақыт  таба  алатынымызды,  бос  әңгіме,  музыка,  өсек-өтіріксіз  өмір  сүруге  болатынын түсіндік. Рамазан  –  күнделікті құлшылық амалдардың жеңіл  екендігін  ұғындыру  үшін келген  ай. Рамазан  –  қай  жағдайда  болсын нәпсіні тәрбиелеуге болатындығын  түсіндіре білген ай» деп жазды.

Демек әдепті сөз, жақсы амалымыз бір аймен шектеліп қалмасын, бір ғұмырға ұлассын. Бұл ай әр  адамның рухани тазарып, толысатын айы болсын.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!