Аймақ имамдары кезекпен екпе алуда. Бүгінде басым бөлігі вакцина салдырып үлгерді. Дін қызметкерлері өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының вакцина туралы пәтуасына сүйеніп, тұрғындарды індеттен қорғануға шақыруда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте қалалық «Төлен ата» мешітінің бас имамы Ғалымжан Бейсембаев вакцина туралы пікірімен бөлісті. «Ислам дінінде адам денсаулығы бірінші орында тұрады. Яғни аурудың алдын алып, вакцина салдыру дінімізде құпталатын іс. Өйткені екпе арқылы өзіңізді және жақындарыңызды қорғайсыз. ҚМДБ екпеге қатысты арнайы пәтуа шығарған болатын. Демек, ислам дінінде екпеге байланысты ешқандай қарсылық жоқ. Вакцина дінге қайшы келмейді. Өзім де «Төлен ата» мешітінің қызметкерлері де алғашқы болып вирусқа қарсы вакцина алдық. «Білмесендер білім иелерінен сұрандар», -дейді. Яғни, әрбір істің өз маманы болады. Сол секілді біздің медицина саласының мамандары осы вакцинаны шығарып отыр. Әрбір аурудың емі бар. Сондықтан да ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздейік» ,- деді «Төлен ата» мешітінің бас имамы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!