Қазақстан – зайырлы ел. Мемлекетіміз өз азаматтарына белгілі бір құлшылықтарды жасауға, діни жоралар мен рәсімдерді орындауға кедергі келтірмейді. Яғни, қоғамымыздың әрбір мүшесі дінді еркін ұстануға құқылы. Егер, әрине, мұның бәрі еліміздің тиісті заңнамасына қайшы келмесе.

         Осыған орай, сәләфизм ағымын ұстанушылардың адамдарға өздерінің діни түсініктерін таңуға тырысуы және басқа діндарларға деген өшпенділікті насихаттайтын қызметі елімізде қалыптасқан конфессияаралық бірлікке, қоғамымыздың тұрақтылығына нақты қауіп төндіреді.  

         Сәләфизм Ислам дінін сәләфу солихиннің, яғни пайғамбарымыздың Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары, олардың ізбасарлары табиғиндер мен табаға-табиғиндердің түсінгеніндей етіп түсіну керектігін алға тартады. Егер де сәләфизмнің мәні жылдар бойы бұрмаланбаса, бұл қиын болмас еді.

Бүгінгі таңда бұл ағым бұрмаланған идеология ізбасарларының шектен шыққан тобын бейнелей бастады, олар өз көзқарастарын жақтамайтындарға қарсы шығып, халықтар мен мәдениеттер арасында жеккөрушілік тудырды.

Қазіргі сәләфизді ұстанушылардың басты ерекшеліктері –мұташабих (астарлы) аяттар мен хадистерді сөздік мағынасын негізге ала отырып, айтылғанындай қабыл етуге шақырады, фиқһ мәселелерінде мұжтаһид имамдарға тақлид (ілесушілік) етілуіне қарсы шығып, бұны адамдарды шіркке, діннен шығаруға апаратын жол деп түсінеді, Алла елшісі заманындағы ислам қоғамын қайта құрып, кез-келген жаңашылдықтарды жоққа шығарады және т.б.

Сонымен қатар, олардың көзқарасы бойынша кез-келген музыка, әр түрлі театрландырылған қойылымдар мен кейбір спорт түрлеріне тыйым салынады.

Осы ағымның рухани көсемдерінің пікірінше, ислам дінін ұстанатын мұсылман халықтарының этникалық, мәдени ерекшеліктеріне негізделген оған жат қоспалардан тазарту болып табылады.

«Таза ислам» үшін бұл күресті сәләфизмді ұстанушылар идеологиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге әлемнің кейбір елдерінде орын алған оқиғалар көрсеткендей, қажет болса қолдарына қару алып та жүргізуге дайын.

Сәләфизм ағымының идеологиясы заңды мемлекеттік билікті мүлдем мойындамайтыны немесе қолдамайтыны белгілі. Бұл дәстүрлі емес ағым халифатты мемлекеттіліктің жалғыз нысаны ретінде, ал шариғатты құқықтық реттеудің жалғыз көзі ретінде таниды.

Сәләфизм идеологиясы, әдетте, мемлекеттіліктің өзіндік моделі идеясын енгізумен, сондай-ақ адамның діни сеніміне қарамай, оның құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қол сұғумен сипатталады.

Бұл ағымның тағы бір қауіптілігі оның ізбасарлары, әдетте, кез – келген адамды, тіпті өздерінің ең жақын адамдары – ата-анасын, әйелін, балаларын, достарын «кәпір» санатына жатқызуы. Іс жүзінде сәләфизмнің құрығына түскен адамның құндылықтары ауысып, ата-ана, отбасы, отан, сенім және т.б. сияқты қастерлі ұғымдарды, жалған және бөтен құндылықтарға ауыстырады.

Қорыта келе, бұл ағым мемлекетіміз үшін де, ауызбіршілік, ынтымақ ұғымдарын ту еткен қоғамымыз үшін де аса қауіпті құбылыс екені айтпаса да түсінікті. Осы тұста, біздің ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы ұстанған Әбу Ханифа мәзһабына негізделген ислам діні, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз – тарих толқынында адаспауымыздың кепілі бола алады дегім келеді.

Ислам МАРАТҰЛЫ,

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария»

 мешітінің наиб имамы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!