“Мекке мен Мәдина жолдың ұшы,
Алыс сапар деді ғой барған кісі”, –
деп атақты Шал ақын жырлағандай киелі мекенге барып, маңдайын сәждеге тигізем деп ниеттенушілердің қатары күн өткен сайын артпаса, кеміген емес. Сондай-ақ, қазір елімізде исламның бес парызын орындауда ересектерге қарағанда жастардың белсенділігі жоғары. Ислам туған Меккеге, сол діннің қанатын жайған Мәдина қаласына барып, қажылық жасауға асыққаны жан сарайыңды ашып, ерекше әсерге бөлейді.

«Көбіңізге мәлім иманнан соңғы мұсылман мен кәпірдің айырылатұғын белгісі ол намаз оқу. Қасиетті құранда Алла Субхану уа Тағала «әлбетте, намаз адамды бұзықтықтан тыяды, ал, Алла Тағаланы зікір ету – ғибадаттың ең үлкені» делінген.
Бұған қоса, Жаратқанның бұйырған істерінің иманнан кейінгісі – намаз. Парыздың парыздан артық-кемі жоқ, бәрі Алланың бұйрығы екені рас. Олай болса, намаз оқуға мал да керек емес, денсаулық та керек емес. Қияметте ең бірінші сұралатынымыз да – осы намаз. Хадисте келгендей осы намаз дұрыс болса, қалған іс дұрыс болатыны мәлім.
Қазір қоғамда жиі айтылатын әңгімелер «Намаз оқуға әлі дайын емеспін» немесе «намазды бастаған соң тастамау керек, ал мен тастап кетемін ғой» деген секілді ойлар талпынысты тұншықтырады. Кейде «Қартайғанда оқимын» немесе қарт кісілер «Білгенім осы, менің тілім келмейді» дейді. Осындай кезде қазақтың асылы Абай атамыздың сөзі есіме түседі. «Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады-дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?».
Абай қалай дәл айтқан, ә? Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Намазды тік тұрып оқы. Шамаң келмесе, отырып оқы. Оған да шамаң келмесе, жамбастап жатып оқы» деген екен.

Әбілқайыр МҰНАРБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!