Белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы ұлттық аспап домбыраны харамға теңеген қызға қатысты пікір білдірді.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

©instagram.com/nurlanimam.kz

«Жалпы, қазір сондай болып кетті. Кейбір адамдарымыз шектен шығып, дінді теріс түсініп, өзінің ойына салып түсініп, салтымызды, санамызды, талай ғасырдан бері келе жатқан құндылықтарды аяққа таптап, домбыраны арам деп, оған тіл тигізіп жүр. Кезінде Абайды адасқан, Шәкәрімді шатасқан деп те айтты. Содан өттік пе дегенде, шетелдің, басқа да мемлекеттердің көшеде жүрген уағызшыларын тыңдағаннан туған үлкен қателік бұл”, – дейді Нұрлан имам.

Дінтанушы ұлтты, салт-дәстүрді сақтап қалу жастардың басты міндеті екенін айтты.

“Біз осымен ел болып, халық болып, күресуіміз керек. Жастар болып күресуіміз керек. Халқымыздың салт-дәстүрін сақтап қалуымыз керек. Домбыра, қырғыздың қомызы – бұл ұлттық аспаптарымыз. Керек десеңіз, діннің насихатталып, имандылықтың таралуына, сабырдың орын алуына, ата-ананы құрметтеуге алып келген бұл аспаптар. Себебі ата-бабаларымыз мұны жырмен, термемен жеткізген. Дәрежесі – ұлық. Сондықтан «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметті желіде домбыраны харамға теңеген қыздың видеосы таралған болатын. Аталмыш бейнежазбаға қатысты айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай пікір білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!