SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, квадробинг субмәдениетіне еліктейтін жастар көбейді. Өзін «хайуан» санайтын жастардың бұл қылығы туралы дін өкілдері не дейді? Мұндай жаңа ағымды мүфтият күнә деп санайтынын жеткізді.
“Адам баласының жануарға еліктеп, сол дәрежеге түсуі, төрт аяқтап жүруі, өзін ардақтау емес, қорлау болып саналады. Тіпті адам баласының жануарға еліктеуі түгілі әйел кісінің ер адамға, ер кісінің әйелге еліктеуінің өзі шариғатымызда тыйым салынған. Сондықтан жануарларға тән сипаттарға (ит сияқты үру, есек сияқты ақыру т.с.с.) әдейі еліктеу, төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеу, іс-қимылдарын істеу Алла Тағаланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып табылады. Квадроберге, яғни жануарлардың деңгейіне түсіп, оларға еліктеп дауыс шығаруға, іс-қимылдарын жасауға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады”, – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Муфтият кейбір теңеулердің немесе балаларға арналған ойындар мен театрлық қойылымдардың квадробер құбылысына жатпайтынын атап өтті.
«Ал батырды арыстанға, айлакерді түлкіге, сабырлыны түйеге теңеу, сол секілді театрлық қойылымдар, балаларға арналған ойындар т.б «квадробердің», яғни адамның жануарға еліктеуіне жатпайды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, жануарға еліктеп, соның іс-қимылын қайталап, дауысын салып, олардың азығын жейтіндер – «квадроберлер» деп аталады. Олар бетперде мен құйрық тағып, ит-мысықтың жасағанын қайталайды. Қазір итке еліктеп, басқаларды қауып алуға дайын субмәдениетшіл квадробер жастар көбейген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!