Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллект арқылы өлген адамдардың бейнесін «қайта тірілтіп», видео жасауға қатысты пәтуа шығарды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтсақ, Мүфтият дипностальгияны қай уақытта қолдануға рұқсат екенін, ал қандай жағдайда ол күнәға жататынын былайша түсіндірген:

  • Дипностальгия (Deep Nostalgia) технологиясын қолдану барысында алдамшылық, марқұмды кемсіту, туыстарының қайғысын күшейту секілді жағдаяттар орын алса, оны қолдануға тыйым салынады.
  • Қажеттілік жағдайда дипностальгияны жоғарыдағы шарттар негізінде қолдануға рұқсат.

«Дипностальгия (Deep Nostalgia – терең сағыныш) – нейрожелілік алгоритмдер негізінде статикалық портреттерді анимациялау технологиясы. Бұл технологияны  көбінесе марқұмдардың бейнесін жандандыру мақсатында қолданады», – деп жазады кіріспе сөзінде Мүфтият.

Дереккөзге сүйенсек, бұл мәселенің үкіміне қатысты қазіргі ғалымдардың арасында бірнеше көзқарас бар:

Дипностальгия (Deep Nostalgia) технологиясын қолдануға болмайды. Олардың негізгі дәлелдері төмендегідей:

  • а) Марқұмдарды қорлау, құрметсіздік көрсету шариғатта тыйым салынған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өлгендерді сөкпеңдер. Өйткені қазір олар істегендерінің нәтижесін көріп жатыр» , – деген. Марқұмның артынан орынсыз сөйлеу, оның бейнесін анимациялап өзгерту құрметсіздікке жатады.
  • ә) Технология арқылы марқұмның күліп немесе қабағын түйіп тұрған бейнесін көрсету ғайыпты болжау болып саналады. Бұл шариғатқа қайшы. 
  • б) Марқұмның рұқсатынсыз бейнесін өзгерту оның жеке құқығын бұзу болып табылады. Бұл этикалық әрі діни тұрғыдан дұрыс емес.

Екінші нұсқада дипностальгия (Deep Nostalgia) технологиясын қолдануға болатыны айтылған. Олар «әрбір нәрсенің негізі рұқсат» деген қағидаға сүйеніп, төмендегі шарттарға сай қолдануға рұқсат етеді:

  • а) Марқұмды кемсіту, мазақ ету немесе қорлау мақсатында емес;
  • ә) Біреуге зиян келтірмеу; Жасалған бейне туыстарының қайғысын арттырмауы керек.
  • б) Туыстарының рұқсатының болуы; Марқұмның суреті – оның жеке құқығы. Сондықтан оны пайдаланбас бұрын туыстарынан рұқсат алу қажет.
  • в) Алдамшылық болмауы тиіс. Мұндай бейнелерді ресми құжаттарда немесе шын видео ретінде қоғамға таратуға қатаң тыйым салынады.

«Психолог мамандарының айтуынша, дипностальгия технологиясы бастапқыда жұбаныш сезімін берсе де, уақыт өте келе эмоционалдық және психологиялық күйзеліс туғызуы мүмкін. Бұл адамды депрессияға, ұйқының бұзылуына, психологиялық тәуелділік және қоғамнан оқшаулану секілді кері әсерлерге алып келуі ықтимал», – дейді Мүфтият мамандары.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!