Фото: massaget.kz

Бесіктен белі шықпаған балаға дін үйреткен дұрыс па? «Дінім – Ислам, кітабым – Құран, пайғамбарым – Мұхаммед, әлімсақтан мұсылманмын» дегенді отбасында перзентінің санасына сіңіріп отыратын кешегі аға ұрпақтың ұлағаты да осында жатқан тәрізді. Баланы жастайынан жан-жақты тәрбиелеу керек дегенді айтады бірі. Ал енді көпшілік баланың қабілетін білім алуға, ғылым игеруге, өндіріске ұмтылысын арттыруға бағыттау керек деп пікір білдіруде. Әйтсе де, «Жастай берген тәрбие – жас қайыңды игендей» дегендей, буыны қатпаған баланың бейімделуі дұрыс болар, кім білсін?!

Таяуда халық қалаулысы Асхат Аймағамбетовтің «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырғанын біршама БАҚ құралдары жариялады. Депутаттың осы таныстырылымының ішінде мектептерде діни әдебиеті оқыту мәселесіне тыйым салу да ұсынылған. Ұлағатты ұстаздар қауымы министр постынан қимай шығарып салған Аймағамбетов аспандағы айды сұрап отырған жоқ сияқты. Оның айтып отырғаны, баланың жасына сай білім беруге келетіндей.

«Бұл анық норма түрлі діни қайраткерлерді және басқа да діни әдебиеттерді немесе ақпаратты мектептерге кіргізбеуге негіз болады деп ойлаймын. Біздің мектептер зайырлы мекеме, түсінесіз бе? Сондықтан зайырлы мекеме толығымен зайырлы болу керек. Егер діни әдебиетті оқығыңыз келсе мүмкіндігіңіз жетеді, ата-анасы бар. Дегенмен балалар кәмелет жасына толғанша әртүрлі ақпараттардан қорғалуы керек. Өйткені оларға қазір осы жаста қорытынды шығару өте қиын»,– деді Асхат Аймағамбетов.

Елде бұл мәселеге ерекше назар аударылған тәрізді. Өйткені, саясатта салмағы бар бірқатар азамат бұл бағытта түйткілдің барын айтып жүр. Аймақтан Қазақстан Республикасының Парламент Сенатына сайланған Руслан Рүстемовтің балалардың діни ахуалға байланысты тәлім-тәрбиесіне алаңдайтынын білдіргеніне де көп бола қойған жоқ.

Әңгімені әріден бастасақ, діни әдебиеттерді ашып оқуға көпшіліктің ерік-жігері шыдас бере бермейді. Өйткені қазір қауіп те жоқ емес. Діни әдебиетті жас емес, бала емес, ақыл тоқтатқан үлкендердің өзі оқуға жүрексінеді. Қауіптің расымен бар екенін сезінеді. Елімізде белгілі дінтанушы Бақтияр Оспановтың пікірін білген едік.

«Діни әдебиеттерге қазір өте сауатты әрі салқынқанды қарау керек. Мұқабасы әдемі екен, сыртында мешіттің, кесененің суреті тұр екен деп еріп кетуге болмайды. Сараптамадан өтпеген кітаптар қателікке ұрындырып жатыр. Ұлтараздық, дінараздық деген мәселелерді тудыратын, кейбір діндердің үстемдігін насихаттайтын кітаптар бар. Мысалы, «Бізден басқа ешкімнің діні дұрыс емес» деген көзқарасты ұстанатындар бар. Зайырлы мемлекет бола тұрып, христианмен де, католикпен де, православиемен де тең дәрежеде сөйлесеміз, ешкімді мансұқтамаймыз, кітабын қорламаймыз. Тиісінше, олар да біздің ұлттық құндылықтарды, ата-бабадан жалғасқан дінімізді қорлауға, төмендетуге, мансұқтауға құқы жоқ. Таратқан материалдарды да өздерінің діни ғибадатханасының ішінде таратады, сыртқа шығаруға құқығы жоқ. Біз біле бермейтін кейбір нәрселер бар, «Мынаны ақша берем, таратып жіберші» дегенге сеніп, оны таратып, ақша табамыз деп кейбіреулер ұрынып қалады. Сараптамадан өтпеген, басқа дінді насихаттайтын кітап болғаннан кейін ол үшін заң алдында жауап береді. Арнайы мешіттің аулаларында прокуратура, әділет салаларының арнайы рұқсаты берілген діни әдебиеттер сататын санаулы ғана кітапхана бар. Қалған жерде ұстап жүруге, сатуға, таратуға тыйым салынады. Біз маман ретінде кейбір кітаптарды қараймыз, оқимыз, бірнеше күн тексереміз», – дейді Бақтияр Есенгелдіұлы.

Қарапайым халықты былай қойғанда, білікті мамандардың өзі кітапты мұқият парақтайды. Өйткені, білдіртпей жіберер тұстары да жоқ емес екен. Мұны білікті теолог ескертті.

«Кей кітаптардың мұқабасында ұлтымызға қатысты жақсы бір суретті қойып қояды, бірақ кітаптың мағынасы мүлдем басқа дінді насихаттайды. Тек жиһадты ғана насихаттайтын кітаптар болады. Зайырлы мемлекеттің қағидаттарына қарсы келетін кітаптардың барлығы тыйым салынған әдебиеттер. Сол үшін міндетті түрде діни әдебиеттерді тексеру керек, ал өзінің қабілеті жетпесе, мамандармен кеңесу керек. Кейде ескі кітаптар болады, ол кітаптар шыққан уақытта мұндай тексеріс, сараптама болмаған. Міне, осындай да күмән болып жатса, міндетті түрде тексеріп береміз. Бізде осы үшін өз ісінің хас шеберіне айналған мықты мамандар бар. Қазір электронды кітаптарға да зер сала қараймыз. Бұл тақырыпта қырағы болу керек», – дейді ол.

Ал білім ошағында діни әдебиеттерді оқыту бағытында маман жетіспейтіні көзге ұрып тұр. Осыдан біраз уақыт бұрын да осы мәселе көтерілген тұста маман жетіспеушілігі қылаң берді. Қазақта «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деп бекер айтпаса керек-ті. Әркімнің өз ісімен айналысу керегі шариғатта да нықтап айтылған.

«Жастар дінді мектеп жасынан бастап үйреніп, білетін болса, ол болашақта жат ағымға, басқа да бағыттарға еруінен біраз сақтанады. Мектеп қабырғасында діни оқулықтар оқытылған дұрыс. Бірақ деген сөз бар. Бірақ, ол діни діни кітаптарды, діни оқулықтарды оқытатын маман болу керек. Діни маман болмай, оның орнына тарихшы оқыту арқылы бұл жерде қате түсінік, дұрыс түсінбеу пайда болып, асыл дінімізді дұрыс түсінбейтін жағдайға жетеді. Сондықтан, балаларға дін үйретсе, тек осы салада білім алған, діни ілімі жеткілікті мамандар тартылу керек», – дейді Қызылорда қалалық орталық “Нұр” мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов.

Берік Мәдиұлының сөзінің жаны бар. Бұл тақырыпта білім ошақтарында мәселе жетерлік. Ол – өз алдына бөлек әңгіме. Ал маман сапасына келгенде біз қандай баға берер едік?!

«Бұл жерде мектепте дегенде мектеп бірыңғай догматикалық бағытқа шығып кетпеу керек. Ілім-білімге, ғылымға, өндіріске, медицинаға қызығатын балалардың қабілеті мен көзқарасының дамуына бұл кедергі болмау керек. Кейде көп кітаптар шынында догматикалық бағытта жазылады. Мысалы, Құдайдан сұрасаң береді, сұра да жата бер деген секілді. Онысы дұрыс, бірақ көбінде әрекет жасау деген нәрсе айтылмайды. Алладан сұра, бірақ әрекет жаса, амал қыл дейді. Көп жерде әрекеті айтылмай қалады да, содан Құдайдан сұрасаң болды, бере салады, әрекет етіп не істеймін деген түсінік қалыптасады. Отын бұтағысы келмейді, бақша еккісі келмейді, бірақ бай болғысы келеді. Байлық тілейді, содан тілемсек болады айналып келгенде, жолдан ақша тауып алсам екен деген мистикалық ойда жүреді бала. Бір-екі рет жолдан тауып алса, менің кешегі тілегенімді берді деп, үнемі төмен қарап жүретін пәсі жастар пайда болады. Міне, сондайға дейін кетіп қалмау керек. Ал ол үшін әдебиеттерді әбден тексеруден өткізіп барып, балаға жол ашу керек. Ал тексеру үшін уақыт кетеді, бір шағын кітаптың өзін 2 айға дейін зерттейтін кез болады. Тағы бір айта кетерлігі, экономиканы көтеру үшін тәуелсіздік жылдары бізге мықты экономистер, менеджерлер, маркетологтар керек болды ғой. Енді руханиятымыздың орнын толтырамыз дегенде білім иелері керек. Молдалар керек, молда болғанда да таңнан қара кешке дейін тәспісін тартып отыра беретін емес, өте бір ілімді, праграматикалық, мықты маман керек», – дейді бұл ретте Бақтияр Есенгелдіұлы.

Бабалар «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң, қасіретің» деп қалдырған сөзінен ғасырлар өтсе де көнермейтін үлкен мән мәнді ұғуға болады. Иә, «Дін ислам – діңгегім» деп дінді тануға кеш болмас. Бірақ, оны ұлттық болмыспен байланыстырып, ел дамуына сүбелі үлес қосар етіп тәрбиелей отырып, бойына дінді сіңірсе игі. Осыншама зор жауапкершілікті мойынға артып, ұлтқа қызмет етер кім бар? Бізде ондай мамандар бар ма? Қалай десек те, Аймағамбетов мәселені айлы аспаннан алып отырмаған сыңайлы. Дінді атасы мен әжесінен үйренген баланың да жаман болғаны шамалы сияқты. Кім білсін?!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!