Ислам мәдениетінің Қазақ жеріне келгеніне он үш ғасырға жуық уақыт өтті. Шынғыс ханның немересі Берке-хан дәуірінде Ислам Алтын Орданың ресми діні ретінде танылды. Сол кезден бастап, ислам дінімен бірге Қазақ даласына мұсылманшылық мәдениет, келе бастады. Соның нәтижесінде, арабша сөздер Исламды қабылдаған ұлттардың тілдеріне еніп, қазіргі таңда сол тілдердің ажырамас бөлігі болып табылады. Мәселен, қазақ тіліне араб тілінен кірген сөздердің саны кейбір есептер бойынша он бес мың сөзге жетіп қалады.
Егер қазақ халқының дәстүрлі фольклоры мен әдебиет жәдігерлеріне үңіліп қарасақ, бабаларымыздың, соның ішінде ғұламаларымыз бен даналарымыздың араб тілін меңгергенін байқауға болады. Әрине, уақыттың өтуімен, кейбір арабша сөздер түпкі мағынасында емес, заман талаптарына сай өзіндік мағыналарға ие болған. Мысалы, араб тілінде «ажал» сөзі «мерзім» немесе «келісілген уақытты» білдірсе, қазіргі тілде «өлім» мағынасында қолданылады.
Осындай сөздердің қатарына «нәпсі» сөзін де жатқызуға болады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бұл сөз «жыныстық сезім, құмарлық» дегенді білдіреді. Сонымен бірге, қолданыста «нәпсіқұмарлық», «нәпсі қалауы», «нәпсіне ерді» деген негативті мағынада келген тіркестері де бар. Алайда, сөздің араб тіліндегі мағыналарына қарасақ, «нафс» деп: 1) жан, көңіл, пейіл; 2) қан; 3) адам, кісі; 4) ниет, пиғыл, мақсат, ой, тәбет; 5) менмендік, тәкаппарлық және т.б. мағыналарды аңғаруға болады. Мысалы «психологияны» арабша «ғилм ән-нәфс» (нәпсі ғылымы) деп айтады.
Қасиетті Құранда «нәпсі» сөзі өзінен туындаған сөздермен бірге есептегенде 300-ге жуық мәрте келген. Ғалымдар «нәпсі» сөзінің Қасиетті Құранда он екі мағынада кездесетінін атап өткен. Соның ішінде: «нәпсі» деп: Адам ата, жамағат, адамның жақындары, діндестері, адам баласының өзі, адамның жаны, жүрек, рух және т.б.
Мысалы, «Уа, адамдар! Өздеріңді бір нәпсіден (бір жаннан, яғни Адам атадан) жатқан Раббыңыздан қорқыңдар» аятында (Ниса, 4/1) «нәпсі» сөзі бүкіл адамзаттың арғы атасы Адам атаны білдіреді. «Әрбір нәпсі (жан) өлімнің дәмін татады»,—деген аят бар (Әлі Ғимран, 3/185). Яғни, тірішілік иелерінің бәрі де өледі. Кейбір тәпсірлерде бұл аят «әрбір жан денеден шығатын кезде қиналады» деп те түсіндірілген. Басқа аятта: «Алла нәпсілерді (жандарды) өлім кезінде (ажалы жеткенде) алады» деген (Зумар, 39/43). Исра сүресінде: «Раббыңыз сендердің нәпсілеріңде (іштеріңде, жүректеріңде) не бар екенін жақсы біледі» (17/25). Бұл аятта «нәпсі» сөзі адамның жүрегі дегенді білдіреді.
Ал қазіргі қазақ тілінде негативты мағынада қолданылатын «нәпсі, құмарлық, құштарлық, көрсеқызарлық» үшін арабтың: «һәуә», «шәһуәт» деген сөздері қолданылады. Осыдан араб сөзінің басқа тілге өткенде, түп мағынасынан өзгергенін айтуға болады.
Жалпы, адам баласының жақсылыққа да, жамандыққа да бейім екендігі белгілі. Бұл туралы Құранда «Жанмен және оны үйлестіргенмен, әрі оған бұзықтығы мен тақуалығын білдірген Алламен ант етемін» деген. Жүрек тебірентер ізгіліктер мен жан шошытарлық зұлымдықтар да «адам» деп аталар жаратылыс иесінің қолынан келетінін өмір көрсетуде. Осы тұрғыдан алғанда адамды «мүмкіндіктер иесі» деуге болады. Адамды кері тартып, кісіліктен бездіретін екі қуаттың: көкейге ой салып азғыратын шайтан мен «жамандыққа бастаушы нәпсінің» бар екенін айтады. Ұлы данамыз Абай: «Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол, құмарлық бір нәпсі үшін болады сол», десе, Мәшһүр Жүсіп: «Табылды өз бойымнан екі дұшпан, бірі іштен болғанда, бірі сырттан» деген. Осыған орай Шәкәрім Құдайбердіұлы былай деген:
Адамның сыртқы дене жаралысы
Нәпсісі – айуанмен анық теңдес
Бөлектігі – жалғыз-ақ таза ақылда
Әлің келсе, жол тап та осыны емдес!
Пенде бойындағы адамшылықтың шыңына бастар асыл қасиеттердің жиынтығы «ар-ождан» деп атаса, керісінше, кері тартып, кісіліктен бездіретін күшті «нәпсі» дейміз. Ар-ұят, адалдық, әдептілік, жанашырлық секілді адамгершілік қасиеттер – ұжданға тиесілі болса, тәкәппарлық, көреалмаушылық, мақтаншақтық, жалқаулық, дүниеқоңыздық сияқты жағымсыз құлықтар – нәпсіге тән. Осы тұрғыда: «Алла тағала үш түрлі жаратылысты: періштелерді, адамдарды және хайуанатты жаратты. Періштелерде ақыл бар, нәпсі жоқ, сондықтан олар күнә жасамайды, Аллаға қарсы шықпайды. Малда нәпсі болғанымен, ақыл жоқ, олар істегендеріне жауап бермейді. Ал адам баласында ақыл да, нәпсі де бар. Ақылды болса, нәпсісін жеңе алады. Егер адам нәпсісін тыйып, ізгілік жасаса, дәрежесі періштелерденде жоғары болады, ал нәпсісіне ие бола алмай, күнәға батса, хайуаннан да төмен түсіп кетеді» деген тұжырым шығаруға болады.


Сержан Андарбаев
Қызылорда облысы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы

фото ғаламтордан алынды

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!