Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
«Ырыскелді қажы» мешітінің Бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы Orta подкастінде қазақстандықтарды қашықтан дем салғызудан аулақ болуға шақырды, деп хабарлайды Kazinform.
— Мен дем салудың заманауи түрін көрдім. Ол түрінде TikTok арқылы салады екен. Қалай десе, «Телефонның экранын жақын» ұста дейді. Сонда экранға үрлеген кезде демі ауырып тұрған бүйрегіне тиеді. Не деген КТ-аппарат (компьютерлік-томографиялық аппарат) екенін қайдан білейін. Мұның бәрі жай нәрсе, халқымызға алданбау керек, — деді ол.
Сондай-ақ, ол әлеуметтік желі арқылы діни контентті ақылмен тұтыну маңызды екенін айтты.
— Дұға қылу деген бар. «Маған дұға қылып қойыңыз» деп жатады. Ол — жақсы нәрсе. Ал енді микрофон арқылы дем салып, экранның ар жағынан, YouTube арқылы дұға дарыту деген енді… Мен өзім көрдім. Дүкенге кіріп барсам, сатушы көзіме бірден түспеді. Құранның даусы шығып тұр. Сатушы шыққанда неге құран қосқанын сұрасам, «Тазартып жатырмыз» дейді. «YouTube арқылы тазаланбайды» дедім. YouTube-тен тамақ ішкенді көрсең, қарның тойып қала ма? Бұл да сол сияқты. Ондай нәрсеге иланбауымыз керек, — деді Нұрлан қажы.
Бұған дейін Нұрлан имам «атақты әнші болсын» деп баланың аузына түкірту дұрыс па деген сауалға жауап берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!