Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Арманда» республикалық форумын өткізу үшін Қызылорда облысына іссапармен келген медиаменеджер, қоғам қайраткері Арман Давлетяров, қоғам белсендісі, журналист Ләйлә Сұлтанқызы және белгілі теолог Нұрлан имам Асановпен кездесті. Кездесуде форумның бастамашысы әрі ұйымдастырушысы Арман Давлетяров іс-шараның негізгі мақсаты туралы айтты.

Күні кеше өткен жиында жойылуға таяу мамандықтар мен сұранысқа ие қызмет түрлері жөнінде кең мағлұмат берілді. Спикерлер өмірлік тәжірибелерін айтып берді. Отбасы құндылығы, гендерлік теңдік және әйелдің қоғамдағы рөлі туралы тақырыптар қозғалды. Дін мен ұлттық салт-дәстүрді ұштастыру, ұлттың болмысына сай жастарға әдет-ғұрыпты дәріптеу тетіктері де талқыға салынды. Қатысушылар түрлі сауал қойып, емін-еркін диалог өрбіді.

Айта кетейік, бұл іс-шараны облыстар арасында алғашқы болып Қызылорда өңірі өткізуде.

Аталған жоба аясында форум спикерлері өңірлердегі балалар мен қарттар үйлерін және тағы басқа әлеуметтік мекемелерді аралап, студенттер мен аз қамтылған отбасылармен кездесіп, игі іс жасауға атсалысады. Олардың жалпы аудиториясы 10 миллионға жуық адамды құрайды.

Аймақ басшысы форум ұйымдастырушыларының жұмысына сәттілік тіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!