Шәууәл – қасиетті Рамазан айының біткенін білдіретін, Ораза айт мейрамының келгенін сүйіншілейтін ай. Он екі айдың ішінде алғашқы күні мейраммен басталатын осы Шәууәл айы екен. Ол – ораза айт мейрамы. Яғни шәууәл айының алғашқы күніндегі ораза айт мейрамы мұсылмандар үшін ерекше қуаныш сыйлайды. Мұсылмандар үшін Шәууәл айының маңызы, артықшылығы жайында Қайырбек Отызбаевтан кеңірек сұрап білдік.
‒ Шәууәл айы – Рамазан айында жіберіп алған кемшіліктердің орнын толтырып, ізгі амалдарды тоқтатпай жалғастыра түсуге берілген мүмкіндік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууәлда алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады» деген. Демек шәууәл айындағы қосымша нәпіл құлшылықтардың ең негізгісі – алты күндік ораза. Шәууәл айында алты күн ораза тұту Аллаға сүйікті амал екенін білдіреді. Шәууал айында алты күн ораза тұтудың жыл бойы ауыз бекіткенге теңестірілуі – Алла Тағаланың мейірімінің шексіз екенінің бір көрінісі.
Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі», – деген аят бар. Ислам ғалымдары Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз.
Сондықтан әрбір мұсылман Рамазан айынан алып шыққан жақсы амалдарын үзіп алмай, шәууәл айында жалғастыра түсуі керек. Бір жақсы амалдың артынан және бір жақсы амалдың жалғасуы алдыңғы жасалған игі істің жемісі екенін білдіреді. Отыз күн оразасын толық аяқтаған кісі алты күн оразасын ұстаса нұр үстіне нұр. Рамазан айында әлдеқандай себеппен ораза күндерін жіберген кісі шәууәлда арасын суытпай, қаза оразаларын ұстап, қарыз күндерін түгендегені жақсы. Мұнан да бөлек күллі жақсы амалдар, дұға-тілектер жасап, ізгі істермен шәууәл айын кемелдендіргені ‒ нағыз иманның көрінісінен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!