SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінде өткен дәріс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Журналист Сырым Итқұловтың Telegram арнасында жариялаған бейнежазбада университеттің оқытушысы Нұржан Смағұлов «Педофилдердің болуы Алланың бар екенін дәлелдейді» деген мазмұндағы пікір айтқан.
Иткұлов бұл жағдайға қатысты өз арнасында:
«Не деген сорақылық? Бұл адам студенттер алдында дәріс оқып отыр. Мұндай философиялық «пайым» ешқандай ақтауға келмейді. Бұл — подкаст емес, аудитория алдындағы ресми лекция!» — деп жазды.
Журналистің айтуынша, егер қоғамда ашық түрде мұндай идеялар айтылып жатса, оны «қоғамдық санаға теріс әсер ететін насихат» деп бағалау орынды.
Кейін «Нұр-Мүбарак» университеті ресми түсініктеме беріп, Нұржан Смағұловпен түсіндірме әңгіме өткізгенін мәлімдеді.
«Ислам діні кез келген адамға зорлық-зомбылық көрсету, ар-намыс пен қадірге қол сұғу әрекеттерін қатаң айыптайды. Бұл – ауыр күнә әрі қылмыс», – делінген оқу орнының хабарламасында.
Сонымен қатар университет бейнежазбадағы сөздің контекстен үзіліп, мағынасы бұрмаланғанын атап өтті.
«Дегенмен, оқытушыға бұдан былайғы уақытта қоғамдық ортада және БАҚ алдында сөйлеген сөздері үшін жеке жауапкершілігі ескертілді», – деді оқу орнының өкілдері.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
