Құрмет айы ‒ Ережеп және Миғраж түні
Ақпан айының он үші күні қасиетті Ережеп айы басталды. Наурызға дейін жалғасатын бұл ай бітер тұста Шағбан айы есік қағады. Ал Шағбанның келуі барша мұсылманның сағынышына айналған Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Исламда осы үш ай қасиетті әрі абзал ай болып саналады. Жаратушының құзырында құлының дұға-тілегі қабыл болатын, шынайы құлшылық пен жақсы амалдарға сауап жазылатын қасиетті айлардың ерекшелігі, маңызына арналған осы мақаланы Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Отызбаев Қайырбек Тоқтықбайұлы ұсынған мағлұматтар негізінде оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Дінімізде кей айлар мен күндердің және түндердің өзіндік ерекшелігі бар. Бұлар ‒ Ережеп, Шағбан, Рамазан айлары. Себебі, дініміздегі қасиетті күн мен түннің көбі осы айлардың еншісінде.
Ережеп айы Құран аятында аталған құрметті айларға жатады. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны – он екі. Бұлардан төртеуі – құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер» делінген.
Ережеп айы исламнан бұрын да арабтар үшін қасиетті айдың бірі болатын. Осы ай кірген кезде араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалдарын тоқтатып, қылыштарын қынына, жебесін қорабына салып, ешкімге тимеуге тырысатын. Сондықтан бұл айда араб қауымы өзін қауіпсіз сезінетін. Өйткені харам айдың бірі болғандықтан өзгелерге қиянат жасау, қанын төгу, ұрып соғу ісін күнә, арам деп санайтын. Тіпті әкесін өлтірген жанға да бұл айда қол көтермейтін. Қылмыс жасаған жағдайда қоғам тарапынан қатты айыпталатын. Ал ислам діні келген соң да бұл айдың артықшылығы тіптен арта түсті.
Ережеп – ең ұлық, сауапты ай. Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Ережеп – Алла Тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы». Ислам ғұламалары бұл қасиетті айлар жайында: «Ережеп – құрмет айы, Шағбан – қызмет айы, Рамазан – нығмет айы», «Ережеп – ғибадат, Шағбан – тақуалық, Рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай» немесе «Ережеп – егін салу, Шағбан – суғару, Рамазан – ору» деп жақсы анықтамалар берген.
Ережеп айына тән қасиетті түн бар. Ол Миғраж түні деп аталады. Миғраж – Ережеп айының 26-сынан 27-сіне (биыл наурыздың 10-ынан 11-іне қараған кешке келеді) қараған түн. Миғраж оқиғасы хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. «Миғраж» сөзі «жоғары шығу», ал «Исра» сөзінің мағынасы «түнгі сапар» дегенді білдіреді. Миғраж түнінде Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапарды арабтар “исра” деп атайды). Одан Миғражға («Миғраж» көтерілу деген мағына береді) – жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі-аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде Миғраж оқиғасын былайша баян етеді: «Құлын (Мұхаммедті ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Масжид Харамнан біз айналасын мүбарак қылған Масжид Ақсаға апарған Алла әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз, Ол естуші, білуші» («Исра» сүресі, 1-аят).
Біз сөз етіп жатқан Исра және Миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың шамамен оныншы жылы, яғни ислам тарихында “қайғыға толы жыл” деп аталған кезде болды. Сол жылы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлкен ұлы Қасым шетінеді. Соңынан ұлы Абдулла да қайтыс болды. Бауыр еті балаларынан айырылу Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оңайға соқпады. Осы жылдары қорғаушысы әрі аяулы ағасы Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз да дүние салды. Мұсылмандар кәпірлердің зорлық-зомбылығы мен ауыр азабынан қиналып жатқан болатын. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалар Пайғамбарымызға оңай болған жоқ. Осы сәтте Миғраж оқиғасы хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз үшін Алла Тағала тарапынан үлкен жұбаныш болды. Миғраж кешінде ең ұлы сый ретінде намаз парыз етілді. Хадис шəрифте: «Намаз ‒ мұсылманның миғражы» делiнген. Бес уақыт намаз жеті қат аспанда парыз болуының сыры да осында. Әйгілі ислам ғалымы Рамазан Бути өзінің еңбегінде: «Миғраждан кейін ертеңіне періште Жәбірейіл (ғ.с.) келіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намазды оқу және оның уақыты, тәртіптерін үйретті. Намаз парыз болмай жатып, Алла елшісі (с.ғ.с.) таңертең және кешкі мезгілде екі бас намаз оқитын. Бұл намаз Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан қалған еді» деп жазады.
Саңлақ сахабалар Ережеп айында ерекше қарқынмен құлшылық жасайтын. Парызбен қоса нәпіл құлшылықтарын орындап, көбірек ораза ұстап, жоқ-жітікке, жетімдер мен кембағалдарға қол ұшын созып көмектесетін болған. Бұл айда ұстаған нәпіл оразаның сауабы мол болады. Хадисте: «Шындығында, жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады» делінген. Ережеп айы барысында сауап алу ниетімен нәпіл ораза ұстағанымыз дұрыс. Бірақ толық бір ай бойы ораза ұстау тек Рамазан айына тән парыз ғибадат. Сахабаларда Ережеп айын толықтырмай, көп ораза ұстаған. Себебі Рамазан айынан ерекшеленіп, оған ұқсап кетпеуі үшін де. Садақа беру, қаза намаздар оқу, Құран оқу, жақсылық жасау сынды нәпіл ғибадаттар жасаса, бұл айдың берекетіне бөленген болады. Ережеп айының жұлдызы туғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Ұлы Жаратушы! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете көр! Бізді қасиетті Рамазанға аман-есен жеткізгейсің!» деп дұға жасаған.
Қызмет айы ‒ Шағбан және Бәраат түні
Берекелі айлардың бірі – Шағбан айы. Ережеп айы мен Рамазан айының ортасында келуінің өзі берекесі мол ай екенін білдіреді. Көптеген жақсылықтың бастауы деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған бұл қасиетті ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазан айының жақындағанын сүйіншілейді. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айына мән бергені секілді Шағбан айына да көңіл бөлген. Мұны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр» деген дұғасынан аңғара аламыз. Тіпті Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар» деп айтқан. Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні мынада. Осы айда рухани дайындығы мол жанның мұнан кейін келетін айлардың сұлтаны Рамазан айына деген құрметі, ниеті жоғары тұрады. Шағбан айында да ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстаса, еселеген сауапқа қауыштырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айының көбін оразамен өткізгенін мына хабарлардан біле аламыз. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алланың елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла Елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ Шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім».
Саңлақ сахабалардың бірі Усама (Алла оған разы болсын) Шағбан айында көп ораза ұстауының сырын білу үшін: «Уа, Алланың елшісі, дәл Шағбан айында жиі ораза ұстағаныңыздай басқа айда мұншалықты ораза ұстағаныңызды көрмедім» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің Рамазан мен Ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла Тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын» деп мәнін айтқан екен.
Сахаба хазіреті Әнас (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?» – деп сұрағанында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазанға құрмет ретінде Шағбан айында ұсталған ораза», ‒ деп айтқан. «Қай садақа абзал?», –дегенінде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа айларға қарағанда Шағбан айында көп ораза ұстап былай дейтін: «Сауапты амалдардан шамаларың жететінін жасаңдар. Өйткені сендер жалықпасаңдар болғаны Алла сендерге ешқашан жалыққандай сыңай танытпайды. Алла Тағала қабыл алатын ең жақсы амал − аз болса да үзбей істелген іс».
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айында жасаған осынау амалдарына қарап, көбірек ораза ұстаудың сауап екенін түсінеміз. Яғни мүмкін болғанша Шағбан айында көп ораза ұстап, құлшылыққа жаңаша құлшыныс бергеніміз дұрыс болады. Шағбан айында сауаптар еселеніп қана қоймай, күнәлар кешіріліп, дұға-тілектердің қабыл болуына мүмкіндік молаяды.
Шағбан айының тағы бір ерекшелігі ол айда қасиетті Бәраат түнінің болуы. Бұл түн – Шағбан айының 14-інен 15-іне (биыл наурыз айының 28-інен 29-ына қараған кеш) сәйкес келеді. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын берекелі түн. Сондықтан Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күнәларымыздың кешірілуін тілеп, бұл түнді ғибадат-құлшылықпен өткізген абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді». Тағы бір хадисте: «Алла Тағала Шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді» деп айтқан.
Қорыта айтар болсақ, шарапаты мол Шағбан айын, берекесі артқан Бәраат түнін бос өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, қасиетті түнінде құлшылық жасаған дұрыс.
Нығмет айы Рамазанға дайындық және Қадір түні
Рамазан ‒ айлардың сұлтаны, Құран түсіп, ораза ұстау парыз болған құтты ай. Шағбан айының соңғы күнінде Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауыз ашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді» деп айтқан.
Рамазан айы – әлем мұсылмандарының сағына күтіп алатын, қимай қоштасатын қасиетке толы ай. Өйткені адам баласының тәнін тазартып, жан-дүниесін тәрбиелейтін де осы ораза құлшылығы. Ал ораза осы айда Раббымыз тарапынан парыз етілген ұлық ғибадат. Сонымен қатар адамзатты ақиқат жолға үндейтін, ақ пен қараны, сауап пен күнәнің парқын көрсететін Құран кітабы осы айда түсірілген. Сондықтан бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселенеді. Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды… Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын…». («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар) Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» деп айтқан. Алланың әміріне итағат еткен барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерден бой алыстатады және сабырлылық, мейірімділік, қанағатшылдық секілді қасиеттерге иелік етеді.
Олай болса, әрбір иманды жан жыл айналып келетін қасиетті Рамазан айын қуана қарсы алуға, сауапты істермен өткізуге дайындықты қазірден жасаған дұрыс. Құтты қонақ келсе, үйдің іші мен сыртын тазалап, ерекше көңіл қоятынымыз сынды, Рамазан айының құрметіне ішкі жан-дүниемізді жаман ойлардан, күнәлі істерден тазартқанымыз жөн болады. Шағбан айынан бастап Рамазан айында жасайтын сауапты амалдарды алдын-ала жоспарлап, оған шынайы ниет қылып, орындалуына жіті ден қою керек. Осыған дейінгі қаза оразасы болса Рамазан айына дейін өтеген абзал. Сонымен қатар Рамазан айы жайлы білім жетілдіріп, қажетті мәліметтерді білу керек. Яғни «оразаны не бұзады?», «ораза ұстамай-ақ қойсам бола ма?», «Рамазан айында не істеу керек?» деген секілді сұрақтардың жауабын іздену қажет.
Жүйрік уақыттың жалына жармасып жүріп, кейде қасиетті айлардың апта күндерінен айырмасы болмай қалатыны бар. Бірақ жыл айналып келетін үш айдың қадірін түсініп, құлшылыққа мән беру барша мұсылман үшін маңызды. Өйткені үш айдың үш күндей өте шығары айтпаса да белгілі…
Дайындаған Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!