Фото: Lada.kz
«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, теолог Нұрлан Байжігітұлы «Сырласу» бағдарламасында көпшілік арасында жиі талқыға түсетін мәһрдің шариғатта бар дүние болғанымен, қазақтың салт-дәстүріне жат нәрсе екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мәһр – шариғатта, дінімізде бар дүние, қыздың ақысы. Бірақ біздің дана, дара халқымыз оны қызға қалыңмалмен, ата күші, ана сүтімен берген. Қыз жақ оны баланың киіміне, дүние-жиһазына жұмсаған. Сол мәһр болады. Құдай сақтасын, егер ажырасып жатқан жағдайда қыз артынан келген бүкіл дүниені ешқашан тастап кетпей, өзімен бірге алып кетеді. Демек, ол – мәһр, – дейді Нұрлан Байжігітұлы.
Айтуынша, оған өзіміздің ұлттық таным-түсінікте мәһр дегеннің жоқ дүние екенін алға тартқаны үшін елдегі теріс діни ағымды ұстанатын әйелдер қарсы шыққан.
Теріс ағымдағы деп айта берейін, 1-2 қарындас маған қатты шүйлікті. «Неге бұлай айтасыз? Құдайдың әмірін бұзып тұрсыз» деп арабша мәселелерді алып келді. «Мәһр не үшін беріледі?» деп сұрап едім, «Ажырасып кетсек, бұл біздің 2-3 айлық тамағымыз болады» деп жауап берді. Өздері тұрмыс құрмаған екен. Содан «Бірінші тұрмыс құрып ал. Сосын жақсы ниетте бол» дедім. «Ажырассам» деген не сөз? Адамның жүрегі дүниеге байланбау керек. Қазақтың құндылығы, қыз баланың өмірі, бағы түкке тұрмайтын дүниемен өлшенбейді, – дейді дінтанушы.
Сондай-ақ ол мәһрді қазақ қоғамына шетелден араб дүниесін оқып келген азаматтардың әкелгенін айтты. Имам оларды «шариғатта бар дүние екенін білгенмен, қазақтың ұлттық қағидасынан бейхабар» дейді.
Қазақтың өзінің ілімін оқымады, ақсақалдардың мектебінен, аналардың батасынан, қолынан өтпеді. Сол себепті «Мәһр беру керек, оның құны осынша» деп жиі айтып кетті. Бұған алданып жүрген жастарымыз бар. Біліңіздер, біздің салт-дәстүріміз түгелдей шариғаттың талаптарын жапқан, – дейді Нұрлан Байжігітұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!