Рамазан оразасы һижраттың екінші жылы парыз болған. Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Рамазанның бірінші түні Алла бәріне пейіш есіктерін ашады. Ай бойы бұл есіктердің ешбірі жабылмайды. Алла бір жаршыға бұйрық бергенде ол: «Уа, жақсылық күткен пенде, кел! Уа, күнә жолына түскен пенде, күнәдан қайт!» деп жар салады. Рамазан ‒ осындай жақсылық пен кешірім айы.

Бүгін ‒ сауапқа толы айдың үшінші күні. Осы орайда отыз күн оразаны құлшылықпен өткізуге асыққан оқырмандар үшін Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаевпен тілдесіп, қасиетті айдың мән-маңызын тереңірек түсінуге тырыстық.

Қайырбек Отызбаев

Берекелі айдың сыйы – жәннат

‒ Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айына да қайта қауышып жатырмыз. Адам баласының жан-дүниесін тәрбиелейтін, рухани құндылықтарға жетелейтін ораза құлшылығы – дініміздегі бірден бір парыз ғибадат. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Шағбан айының соңғы күнінде: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауызашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді» деген. Осы бір керемет насихаттан Рамазан айының қадір-қасиетке толы екенін көреміз. Рамазан – Құран түскен құтты ай. Рамазан – берекесі мол ай. Бұл айда ораза ұстаған әрбір жан еселеген сауапқа кенеледі. Хадис құдсиде: «Ұлы Алла Тағала айтады: «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» деген. Сонымен қатар, ораза сабырға шақыратын ай. Мұсылман кісі күллі нәпсі қалауларынан өзін тыйып, құлшылыққа сабыр танытып, оразасын шын ниетімен ұстаса, оның сыйы – жәннат екенін айтады. Тіпті пенденің ізгі ниеті үшін, сауапты үміт қыла отырып ұстаған оразасы себепті жасаған күнәлары кешіріледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» деген. Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды… Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын…». («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар) Сондықтан бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселене түседі.

Ораза кезінде қандай дұғаларды оқып жүрген абзал?

‒ Рамазан құлшылық жасауда, сауапты істер жасауда мол мүмкіндіктер айы. Әсіресе, бұл айда Алланы көп зікір қылып, молынан дұға-тілектер жасағаны абзал. Себебі, ораза ұстаушының дұғасы қабыл етіледі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаушының ауызашар алдындағы дұғасы қайтарылмайды» деп айтқан. Мүмкіндігі мол айда Құран аяттары, Пайғамбар хадистерінде келген дұғаларды шынайы ықыласпен Алладан сұраған дұрыс. Мұнымен қоса қарыздан құтылу, берекелі ризық сұрау, салихалы жар мен ізгі ұрпақтар тілеу, қиындықтан шығар жол және аурудан шипа сұрайтын дұғалар жасауға болады. Яғни дүние мен ақыретіне жақсылық әкелетін дұғалар жасауда жалықпай, табанды әрі ықыласты болу қажет.

Рамазан айында жасайтын бірнеше қажетті әрі мағыналы дұғаларды келтіре кетейін. Мәселен, мына дұғаны өте жиі айтып жүруге болады: «Раббәнәә әәтинә фид-дүниә хасанатән. Уә фил әәхирати хасанатән. Уә қинәә ‘азаабән-наар». Мағынасы: Иә, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де, ақыретте де жақсылық бер. Және бізді жәһаннам азабынан сақта». Бұл дұға екі дүниеміздің жақсылығы үшін жолбасшы.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен мынадай дұға бар: «Аллаһуммә, әъинни ъалә зикрикә, уә шукрикә, уә хусни ъибәдәтик». Мағынасы: «Я, Алла! Өзіңді зікір етуге, Өзіңе шүкір етуге әрі Өзіңе көркем түрде құлшылық етуге маған жәрдем бер!». Шынайы мұсылман зікір етуде, шүкір жасауда, құлшылық етуде әлсіздікке түсіп қалмауы үшін осы дұғаны айтып жүргені абзал екен.

Пайдалы білім, қабыл болатын амал, адал несібе иесі болуды қалаған адам бұл дұғаны да үнемі айтып жүргені жақсы: Айтылуы: «Аллаһуммә, инни әс-әлукә ъилмән нәфиъан, уә ризқан тайибән, уә ъамәлән мутәқаббәлән!». Мағынасы: «Я, Алла! Расында, мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі қабыл болатын амал сұраймын!». (Ибн Мәжәһ, Насаи)

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Елшісі! Егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» ‒ деп сұрайды. Бұған Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһуммә иннәкә Ъафуун, тухиббул-ъафуа фаъфу-ъанни». «Иә, Аллаһым! Расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!» деп айт» деп үйретеді. Бұл дұғаны да жаттап, шын жүрекпен айтып жүрсеңіз, қателік-күнәларымыздың кешірілуіне мүмкіндік болады.

Рамазан айында қандай сауапты істер жасаған дұрыс?

‒ Өте орында сауал. Рамазан айында парыз оразаны шынайы иманмен ұстаудың өзі сауап. Ал бірақ мұсылман баласы сауап алуда мұнымен шектеліп қалуына болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер Рамазан айы келсе, жәннат есіктері ашылып, жәһаннам есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деп айтқан. Жәннатқа жетелейтін сауапты амалдар жасауға мүмкіншілік мол екенін байқаймыз. Сондықтан қандай сауап амал болмасын уыстан жібермей,оны жасап қалу керек. Әр адам жасай алады деген қарапайым сауапты амалдар тізіміне тоқталайын.

*Әрбір пенде қателесуші, күнә жасаушы. Тәубе айында үлкенді-кішілі күнәлары үшін өкініп, Алладан кешірім сұрау ‒ сауап амал.

* Құран айы болғандықтан сүрелер үйреніп, оны әрдайым оқып жүруді әдет ету.

*Үнемі Алланы зікір ететін сөздер айтып жүру.

*Ораза ұстаған кісіге ауызашар жасау (құрма, су алып беру).

*Жақсы сөз айтып, ауызды әдеттегі жаман сөздерден сақтау.

*Үлкендерге сәлем беру. Ауырып жатқан кісінің көңілін сұрау. Жылы жүзді болу. Көрші, ағайынмен жақсы қарым-қатынас жасау.

*Ренжіткен жандарды кешіріп, ренжітіп алған кісілерден кешірім сұрау. Ренжіскендерді татуластыру.

*Айналаға жақсылық жасап жүру. Азғантай болса да садақа беру.

Осылай әрбір жақсы амалды сауапты істер қатарына қосып айта беруге болады. Алайда мұның барлығы сауапқа айналу үшін ең алдымен дұрыс ниет пен шынайы ықылас қажет. Сонда ғана жасаған бұл амалдар сауапқа айналып, Алланың разылығына жеткізеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!