Ертең, 6 маусым барша мұсылман асыға күтетін ең ұлық мейрамдардың бірі – қасиетті Құрбан айт басталады. Адамдар таңмен таласа тұрып, айт намазын оқып, құрбан шалып, жақындарына және мұқтаж жандарға ет таратып, бір-біріне мейірім мен қуаныш сыйлайды. Үш күн тойланатын Құрбан айт мерекесінде не істеу керек? Банктен кредит, не біреуден қарыз алып құрбан шалуға бола ма? Құрбан малын соймай, оның ақшасын садақа ретінде беруге дініміз не дейді? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрбан шалу кімге міндет
Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбан шалу. Елбек Тасболатұлының айтуынша, мұсылман, балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, тұрғылықты болған (яғни сапарда емес адам), өзінің және отбасының негізгі қажеттілігінен артылған мал-дүниесі нисаб мөлшеріне жеткен ер мен әйелге өз атынан құрбан шалу міндет болады. Егер жиған-тергені нисаб мөлшеріне жетпесе, өз атынан құрбан шалуға міндеттелмейді.
«Отбасында құрбан шалу міндет болған адамдар әрқайсысы алдымен өз атынан шалады, кейін мүмкіндігі болса екіншісін отбасының атынан шалуына болады. Ал егер отбасында ешқайсысына құрбан шалу міндет болмаса, бүкіл отбасының атынан құрбандық шалуға болады. Пайғамбарымыз бір Құрбан айтта екі құрбандық шалған: біреуін өз атынан, екіншісін үмбеті атынан. Бұл да құрбан шалудың сауабы мол амал екендігінің айғағы», – дейді ҚМДБ өкілі.
Оның айтуынша, нисаб мөлшері ай сайынғы табыспен емес, 585 сынамадағы алтынмен есептеледі.
«Яғни шариғатымыз 85 грамм алтынның құнына жететін артық дүниесі бар адамға сол жылы құрбандық шалуды міндеттейді», – деп түсіндірді спикер.
Кредитке құрбан шалуға бола ма
Елбек Тасболатұлының айтуынша, ипотекасы немесе басқа да несиелері бар адамға құрбандық шалу міндет емес.
«Яғни қарызын шығарып тастаған кезде, артық дүниесі нисаб мөлшеріне жетпесе, ол адамдар құрбандық шалмаса да болады. Керісінше, қарызын төлеуін кешіктіруге себепкер болып құрбандық шалса, ол ұнамсыз амал саналады. Шариғатымыз жағдайы жоқ, қарызын қайтаруға сенімді емес кісінің қарыз алып құрбан шалуын құп көрмейді. Егер ол қарызын төлей алатынына сенімді болса, онда қарыз алып мал союына болады. Ал төлей алмаймын, кешіктіріп аламын-ау деп қорықса, мұндай кезде қарыз алып құрбандық шалуы құпталмайды», – дейді мүфтият маманы.
Алайда дәл қазір қолында ақшасы жоқ, бірақ артық дүниесі нисаб мөлшеріне жетіп тұрған бақуатты адам құрбан малы үшін қарыз алуға міндеттеледі.
«Өйткені нақты ақшасы болмаса да, ол нисаб иесі әрі оған құрбан шалу міндет болып тұр. Сондықтан біреуден қарыз ала тұрып, құрбандық шалып, кейін қарызын өтеуі керек», – дейді Елбек Тасболатұлы.
Құрбандықтың етін не істеу керек
Шариғат бойынша Алланың разылығы үшін құрбан шалған адам сол малдың етін түгелдей өзіне алып қала алады немесе бәрін садақа етіп тарата да алады.
«Әлбетте сүннет бойынша малдың етін үш бөлікке бөліп, бір бөлігін ет асып, бір бөлігін мұқтаждарға бөліп беріп, қалғанын өздеріне алып қалса, бұл сауабы мол амал болып есептеледі. Мұқтаждарға қаншалықты пайдасы көбірек тисе, соншалықты сауап көбейе береді», – дейді мүфтият өкілі.
Құрбандыққа шалынған малдың терісін сатып, одан түскен ақшаны садақаға жіберуі керек дейді Елбек Тасболатұлы.
Құрбандық орнына садақа беруге бола ма?
Құрбан айт күндері құрбан малын бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша мейрам күндері қан ағызу – міндет.
«Құрбандық шалу мойнына міндет болған адам құрбан малын соймай, орнына садақа бере алмайды. Бәрібір де құрбандық шалу міндет болады. Сол секілді құрбандық малын алып қойған адам да құрбандық малын құрбандық күндері шалуға міндеттеледі», – дейді спикер.
Құрбан айтта құрбан шалмайтындар не істейді
«Құрбан айт тек қана құрбан шалатындардың мейрамы емес. Барша мұсылман – байы болсын, кедейі болсын, бұл күндерді мерекелік көңіл-күймен өткізгені абзал. Құрбан шалу мойнына міндет болмаған адамдар да көңілін түсірмей, игі істер жасағаны дұрыс. Алланың рақымы жауатын мерекелік күн деп қуанып жүргені, көбірек сауап істеп, ағайын-туысқа айтшылап баруы жақсы амал болып есептеледі», – дейді ҚМДБ өкілі.
Айта кетері, биыл қасиетті Құрбан айт 6 маусым, жұма күні басталады. Осыған байланысты қазақстандықтар қатарынан үш күн демалады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!