Биыл барша мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт, шілде айының 20-22-сі күндеріне тура келеді. Осы жағдайға сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсіміне қатысты бірнеше заңдылықтарды бекітті.
Биыл құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады. Бірінші – мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханада санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін оффлайн режимде, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастыру. Екінші – бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру. Бұл жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу. Негізінде карантин жағдайында қаладағы азаматтар үшін қашықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру – оңтайлы шешім. Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені адам баласы кейбір жағдайда бір істі орындауға мүмкіндігі болмай қалады. Осы кезде біреудің көмегіне жүгінеді, яғни сол істі оған тапсырады. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.у) Хаким ибн Хизам (р.а) арқылы құрбандық сатып алуға тапсырыс береді. Біз осы оқиғадан шариғат бойынша уәкілге тапсырыс беру арқылы құрбан шалдыруға болатынын анық аңғарамыз.
Ханафи мәзһабында Құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп. Шариғатымыз бойынша «бай» деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі), яки, 30 ірі қара, немесе 5 түйе, ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 гр алтын (1 230 000 теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес. Сондай-ақ республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтінішін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдігі айналысады. Ал құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы малдың бағасы әртүрлі екенін ескеру қажет. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында малдың бағасы бірдей болмауы мүмкін.Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.
Жалпы сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Біздің елде бұл жүйені тиімді пайдаланып, санитарлық талаптарды сақтай отырып, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауды көздейді. Сонымен қатар жоба мақсаты – көмекке аса зәру азаматтарды қолдап, оларға ұлық мейрамда қуаныш сыйлау, аз да болса, қайғы-мұңын сейілту. Құрбандық шалудың негізгі мәні осы. Құрбандық етін мұқтаж жандарға үлестіру арқылы мұсылмандар арасында махаббат пен сүйіспеншілік артады. Сонымен қатар өзінің бойындағы қатыгездік, сараңдық сынды сипаттардан арылып, мейірімді, жомарт, кішіпейіл бола түседі. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние игілігін нәсіп еткей!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!