Фото: ашық дереккөзден

Ислам дінінің бес парызының бірі – Рамазан айының күндізінде ішіп-жеуден тыятын ораза ұстау екені иісі мұсылманға аян. Алла Тағала Құран кәрімде «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» деп, кітабым Құран деген мұсылман үмметіне Рамазан айында ораза ұстаудың парыз екендігін айтса, Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игі-лігі мен сәлемі болғай): «Ислам бес нәрсеге негiзделген: (Алла Тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мұхаммед Оның құлы, әрi Елшiсi деп) куәлiк ету, (күніне бес уақыт) намаз оқу, (рамазан айында) ораза ұстау, (негізгі қажеттіліктерінен артылған байлығы шариғат бекіткен мөлшерге жетсе, жылына бір мәрте) зекет беру және (денсаулығы жақсы болып, қаражаты жетсе өмірінде бір мәрте) қажылыққа бару» деп, оразаның мұсылман дінінің бір шарты екендігін нақтылаған.

Әртүрлі себептермен ағайын-туысқа, көрші-көлемге, жақын-жуыққа, дос-жаранға т.б. жанымызға жақын жандарға дастарқан жайып, түрлі ас дайындап ұсыну қазақ халқының қанына сіңген мұсылмандық ізгі қасиет. «Ағайын торқалы тойда, топырақты өлімде» деген тәмсіл осыдан қалған. Бұл дәстүр туыстық қарым-қатынасты, бауырмалдық жанашырлықты арт тыратыны сөзсіз. Бар тәттісін қона ғына сақтаған, көптен қонақ шақырмаса көңілі көншімей, құдайы қонақ келсе «сауабынан құр қалмайын» деп ойланбастан астындағы жалғыз атын да пышаққа тапсыратын халықтың ұрпағымыз. Аллаға шүкір! Мұның барлығын Алла разылығы үшін деген ниетпен жасайтын болғандықтан «құдайы ас», «құдайжолы» немесе «садақа» деп атау бергенбіз. Бұдан бөлек түрлі қуанышты себептермен той жасап, Алланың берген нығметіне шүкірлік ниетімен шалынған малды ағайын-туыстың бір дастарқан басында бас қосып бөліп жеуі де өз алдына бір тағылымды дәстүріміз.

Осындай игі ниетпен рамазаннан өзге он бір айдың кез келген уақытында халыққа дастарқан жайып, ас ұсыну тек сауап әкелетін ізгі іс. Ал Рамазан айына келсек, жоғарыда атап өткеніміздей, күндіз ішіп-жеуден тыйылу – Жаратқанның бұйрығы. Құран кәрімде «Бақара» сүресінің 187-аятында: «…Әрі таңның ақ жібі қара жіптен анықталғанға дейін жеңдер-ішіңдер, кейін оразаны кешке дейін ұстап аяқтаңдар…», – деп, осы екі аралықта, яғни, күндіз ішіп-жеуден тыйылу нақты аятпен әмір етілген. Аяттағы ақ жіп – көкжиектен созылып көрінетін таңның атуы. Ал қара жіп – түннің қараңғылығы. Таң мен кешті жіпке теңеуінің себебі – созылып жіп сияқты болып көрінуінен. Мұсылман үмметі Жаратқан Хақтың бұйрығына мойынсынады, құрметпен қарайды. Сондықтан Рамазан айының күндізгі уақытында халықты жиып ас ұсыну Алланың кітабы – Құран аяттары мен ардақты пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болғай) хадистерінде баяндалған Жаратқанның бұйрықтарына сай келмейді. Құдайдың жолы – шариғатқа сай келмесе ол ас-жиындарды «құдайы ас», «құдайжолы» немесе «садақа» деп атаудың да еш мәні қалмайды. Ал Рамазан айында халыққа таратар асымызды шариғаттың негізгі қайнар көздері Құран мен хадиске сай ауызашар уақытында ұсынсақ, нағыз құдай жолына лайық сауапты да ізгі іс болмақ.

Рамазан айында ораза ұстаудың сауабы жайында құдси хадисте: «Адам баласының оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін. Ол өзінің тамағын, сусыны мен шаһуатын Мен үшін тыяды. Оның сыйын Өзім беремін», – деген. Бұл құдси хадисте басқа құлшылықтарға бері летін сауапты періштелер есептеп бере алатындығын, ал ораза ұстау Алланың құзырында ерекше құрметке ие құлшылық екен дігін, ораза ұстаушыға берілетін қисапсыз сый-сауапты Өзі бе ре тіндігі айтылады. Рамазан айында аузы берік жандарға ауызашар берудің сауабына келсек, Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болғай): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ бер-ген кісі – ораза ұстаған адамның сауабындай сауапқа ие болады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деген. Яғни, ауызашар дастарқанына қанша адам жиылса, соншалықты қисапсыз сауап ауызашар берген жанға да нәсіп болады. Рамазан айында жасалатын әрбір сауапты істердің еселенетіні жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болғай): «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады» деген. Игі істің шынайы ниетпен жасалғанын, рия мен мақтаныш араласпағанын, жұмсайтын қаражаттың адал жолмен келгендігін білуші Алла Өзінің кеңшілігімен сауаптарын әлденеше жүз еселеп береді. Оның үстіне хадисте: «Ораза ұстаған адамның ауыз ашқан сәттегі дұғасы кері қайтарылмайды, сөзсіз қабыл болады», – деп айтылғанындай,
сіз дің ауызашарға шақырып, жасап жатқан құрметіңізге аузы берік жанның міндетті түрде қабыл болатын батасын аласыз.

Құдайы ас берудің бір әдебі – тарататын садақаны алаламай тең қылып үлестіру. Алла Тағала кеңшілігімен кейбір жандардың түрлі себептерге байланысты ораза ұстамауына рұқсат берген. Ауызашарға адамдарды аузы берік немесе аузы ашық деп бөліп жармай шақырсақ, түрлі себептермен ораза ұстай алмаған жақындарымызды да ыңғайсыздыққа қалдырмаған болар едік. Ораза – Алла мен ораза ұстаушы арасындағы нәзік сыр. Күндіз құдайы асқа шақырсақ, ауызы берік жан «мен ораза едім» деп Алламен арасындағы сырды жария етуге мәжбүр болады.

Алла Тағала Құран кәрімде «Хаж» сүресінің 32-аятында: «… Кімде-кім Алланың нышандарын (яғни, Құран, кағба, зәмзәм, құрбандық, намаз, ораза, азан сын-ды ислам дінінің айқын белгілерін) лайықты түрде құрмет тұтып ұлықтайтын болса, бұл күмәнсіз, жүректердің тақуалығынан (яғни, Аллаға деген ерекше сый-құр-метінен)» делінген. Бес парыздың бірі болған рамазан оразасын ардақтап, жаяр дастарқанымыз бен таратар асымызды ауызашарда беруіміз – Аллаға деген сый құрметтің көрінісі. Ораза тұта алмасақ та, ұстай алмағанымызға ұялу, ораза ұстаған адамның көзінше ішіп-жеуден тыйылу да оразаға деген құрметтің бір белгісі.

Халқымыз үйіне келген адамды құр шығармай уақыты болса қазан көтеріп, болмаса шай беріп, тым болмағанда нан ауыз тигізген. Бірде сонау тоқсаныншы жылдары үлкендермен бірге мешітте алғашқы тарауық намазына келе алмаған бір ақсақалдың көңілін сұрап, Рамазан айымен құттықтап барғанымызда, әр барған сайын барын алдымызға қоятын әжеміз «нан ауыз ти» деп те айтпады. Мен балалықпен біз келе берген соң ренжіп қалды ма деп: «Бізге бүгін нан ауыз ти деп те айтпадыңыз ғой, ренжіп қалдыңыз ба?» дегенімде: «Құлыным-ау, неге ренжиін, қайта қуанамын ғой. Дастарқан жайып, «нан ауыз ти» демегенім, бүгін ораза басталды. Құдай Тағала Құранда «бұл айда күндіз ішіп-жеуден тыйыл» деп тұрса, құдайдың құлы бола тұра менің ол аятқа қарсы келіп ас ұсынуым күнә болады ғой» дегені бар еді. Міне, ишан-ахундардың көзін көрген, тәлімін алған дана кейуананың оразаға деген құрметі.

Сөз соңында, «Оразалымен оттас бол, имандымен жолдас бол» демекші аузы ашық, аузы берік деп бөлінбей, Рамазан айында Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне сай келмейтін күндіз ас беруді тоқтатып, халыққа ұсынар ас мәзірін қисапсыз сауапқа жеткізер, дұғалар сөзсіз қабыл болатын ауызашар уақытында беруге шақырамын.

Алла Тағала Рамазан айындағы дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Әмин!

Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ,
Жалағаш аудандық орталық
«Иманқұл» мешітінің бас имамы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!