2025 жылғы 9-10 қыркүйек «Облыс тұрғындары арасында дін қызметкерлерінің қатысуымен діни-ағартушылық жұмыстарын жүргізу» атты әлеуметтік жоба аясында Қызылорда қаласында ауқымды ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.
Аталған іс-шаралар барысында елімізге белгілі исламтанушы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Жұмаділда Елдос Қуандықұлы аймақтағы бірқатар мешіттерде, оқу орындарында, әлеуметтік мекемелерде және қоғамдық ұйымдарда тұрғындармен мазмұнды кездесулер өткізді. Дін саласының маманы жастардың діни білімін жетілдірудің маңыздылығын атап өтіп, қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтаудың және теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғанудың қажеттілігін жан-жақты түсіндірді.
Шаралар аясында ол Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінде бесін намазында уағыз жүргізіп, «Құддыз ишан» мешітінде құптан намазынан кейін жамағатпен жүздесті. Сонымен қатар, «Тең қоғам» орталығында әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтармен, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің жатақханасында облыс аумағының аудандарынан келген студент жастармен, «Мансап» жеке мектебінде оқушылар мен мектеп басшылығымен кездесті.

Бұдан бөлек, Қажымұқан спорт кешенінде қала спортшылары және спорт бапкерлерімен, Қызылорда облыстық жастар орталығында білім, спорт, әлеуметтік сала, жастар ресурс орталығы қызметкерлері мен еңбек мигранттарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Достық үйінде ақпараттық-түсіндіру тобының облыстық мүшелері мен дін саласы қызметкерлеріне арналған семинар өткізілді.
Өткізілген барлық шаралар өңір тұрғындарының діни сауаттылығын арттыруға, деструктивті діни идеологияның ықпалынан сақтандыруға және аймақтағы рухани тұрақтылықты нығайтуға бағытталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!