Фото: Unsplash.com
Сауд Арабиясы қажылыққа бару үшін қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр. 2026 жылдан бастап виза тек Nusuk платформасы арқылы берілетін ресми медициналық анықтамамен ғана беріледі. Денсаулығы расталмаса, қажылыққа баруға рұқсат берілмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қажылықты ұйымдастырумен айналысатын барлық министрлік пен мекеме қажылық парызын өтеуіне кедергі болатын қандай да бір жағдайдың бар-жоғын анықтау үшін оларды мұқият медициналық тексеруден өткізуге міндетті.
Сауд Арабиясы денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, диализді қажет ететін бүйрек жеткіліксіздігі, жүрек жеткіліксіздігі, үздіксіз оттегін қажет ететін өкпе ауруы, бауыр жеткіліксіздігі белгілері бар бауыр циррозы, ауыр психикалық және неврологиялық бұзылулар және кәрілік деменция сияқты ауыр созылмалы аурулары бар адамдарға қажылыққа баруға рұқсат етілмейді.
Сонымен қатар соңғы триместрдегі жүкті әйелдерге және жүктілігі асқыну қаупі жоғары әйелдерге баруға болмайды. Сондай-ақ белсенді жұқпалы аурулары, оның ішінде туберкулез, геморрагиялық қызба және басқа да қауіпті инфекциялармен ауыратындар, сондай-ақ химиотерапия немесе иммуносупрессивті ем қабылдап жатқан науқастар қажылыққа баруға тыйым салынады.
Сауд Арабиясының қажылық министрлігі бұл талаптарды бұзған немесе жалған ақпарат бергендер үшін қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
Қажылық пен умраны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық қоғамдық кеңес қажыларды жаңа ережелерді қатаң сақтауға шақырып, олардың қажылыққа қатысушылардың барлығының өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталғанын баса айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!