‒ Шәууәл айындағы 6 күндік оразаны 3 күн айт біткеннен соң ұстаймыз ба?
‒ Ораза айттың бірінші күні ешқандай ораза ұсталмайды. Айттың екінші күнінен бастап шәууал айындағы алты күндік нәпіл оразаны немесе қаза оразаларды ұстай беруге болады.
‒ Қаза оразасын бірінші ұстауым керек пе, әлде Шәууал оразасын ба? Қайсысын бірінші ұстау керек?
‒ Әуелі қазаларыңызды өтеп алып, одан кейін Шәууалдың алты күндік оразасын ұстаймын десеңіз де, не болмаса бірінші шәууәл оразасын ұстап кейінірек қазаларды өтеймін десеңіз де, өз еркіңіз. Ханафи мәзхабында қаза ораза өтелмей тұрып, нәпіл оразаны тұта беруге болады. Қазаның өзін ғана өтейтін кісіге де күнә жоқ.
‒ Шәууал оразасының орнына қазамды өтесем, бір жылдық сауап алам ба?
‒ Кей Ислам ғалымдары «Қаза оразаны Шәууәл айында өтейтін кісіге, нәпіл ораза ұстамаған күннің өзінде қазасын аталмыш айда өтегендіктен Шәууәл оразасының сауабы қосымша жазылады» деген тұжырымды алға тартады. Осы тұрғыда мынаны ескерген жөн, қаза оразалары алты күнге жетпейтін кісілер кем күндері қосымша нәпіл оразамен толықтырғаны абзал.
‒ Шәууіл айындағы алты күндік оразаны бөліп ұстаса бола ма?
‒ Шәууіл айындағы алты күндік оразаны үзбей ұстау шарт емес. Сол ай ішінде (яғни Шәууал айы ішінде) бөліп ұстауға рұқсат. Кейбір Ханафи ғалымдары үзбей ұстағаннан, бөліп ұстағанды артық көрген. Абзалы қайсы десеңіз, алты күнді үзбей ұстаған абзал. Дегенмен бөліп ұстаса да саналады.
‒ Шәууал оразасының ниеті қалай жасалады?
‒ Ниет дегеніміз, іштей бір нәрсені орындамаққа оқталу, соны діттеу дегенді білдіреді. Сондықтан да көкейде шәууәл оразасына ниет етілген болса соның өзі жарамды. Тілмен айту шарт емес. Дегенмен ауызша айтамын деуші кісі ниетін қазақ тілінде жасай беруіне болады. Мысалы: «Ниет еттім Алла ризалығы үшін Шәууәл айындағы нәпіл оразаның бірінші күнін (немесе екінші, үшінші…) ұстамаққа, ХалисалиЛләһи Тағалә».
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!