Мейірімді, аса рахымды Алланың атымен бастайын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан құрылған «Уақып» қоры жайлы ел ішінде жақсы ұғым қалыптасып үлгерді. Іргесі қаланған күннен бері бұл аталған қор көптеген игілікті істерді атқарып, біршама тың жұмыстардың бастамашысы бола келеді. Олай болса, «уақып» деген не? Әлқисса сөзді осыдан қозғайық. Уақып сөздікте «тоқтату, ұстап тұру» деген мағынаны білдіреді. Ал дінімізде «уақып» ислам өркениетінің маңызды элементтерінің бірін құрайды. Ислам құқығында «уақып» сөзінің термині (яғни осы негізде құрылған уақып қайырымдылық қоры) «жеке мүлкін Аллаға меншік құқығын беру, яғни Алла жолына атап беру, атап берген мүлкін барлығының пайдасы үшін қоғамдық меншікке айналдыру, осылайша өзіндегі күллі меншік құқықтарын жою» деп түсіндіріледі. Демек, уақып ету дегенді мал-дүниенің меншік иесі қолындағы дүниесін немесе тиісті бір бөлігін діни, әлеуметтік және қайырымдылық мақсат үшін мәңгілікке арнап беруі деп түсінсек болады.
Ислам дінінен негіз алған уақып қорының мақсаты – барлық мұқтаж жандарға, жаратылыстарға жомарттық таныту, оларға мейірімділік көңілмен жақындау арқылы Алланың разылығына ие болу. Уақып ісі қоғамды қайырымдылық желісінде біріктіріп қана қоймай, әлеуметтік тепе-теңдікті сақтайтын қорғанысты қамтамасыз етеді. Мына оқиға уақып ісінің сипаты мен түпкілікті мақсатын әдемі бейнелейді.
Сахаба хазіреті Омар (р.ғ.) бірде Алла Елшісіне ( с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен Хайбар соғысында бұрын-соңды болмаған құндырақ жерге ие болдым. Маған осы жер жайында не айтасыз?» – деді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қаласаң, оның бастапқы негізін (Алла үшін) сақтап, түскен табыстан ғана пайдасын қайырымдылық ретінде жұмса», – деді. Осыдан кейін хазіреті Омар (р.ғ.) жерін: «Оны сатуға, сыйға тартуға немесе мұраға қалдыруға болмайды. Ол кедейлерге, құлдарды азат етуге, Алла жолындағы істерге және жолаушыларға арналған», – деген шарттармен ғана сыйға тартты (Бұхари, Шурут, 19; Муслим, Уасият, 15). Ал енді бұл оқиға ислам тарихындағы ең әуелгі жасалған уақып деп аталған.
Сахабалар үшін үздіксіз қайырымдылық жасау, мал-дүниесінен уақып ісіне үлес қосу – құнды амал болып саналған. Саңлақ сахабалардың бірі Жабир (р.ғ.): «Мен мұһажирлер мен ансарлардың арасында уақып ісі (яғни қайырымдылық қоры) жоқ бірде-бір адамды білмеймін», – деген екен (Ибн Кудама, әл-Муғни, V, 598). Демек сахабалар қайырымдылықты бір реттік қана жасалатын әдетті емес, үздіксіз жасалатын сауаптың көзіне айналдыра білді.
Үзілмейтін сауаптың көзі дүние-мүлік арқылы уақып жасау. Құдай берген дүниені халықтың қажетіне жұмсап, Алла разылығы үшін атап беруді уақып деп атайды. Қасиетті Құранда «Әли-Имран» сүресінің 92-аятында: «Жақсы көрген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – делінген. Осы аят түскеннен кейін саңлақ сахабалардың уақып жолында жұмылуы басталды. Оған мына оқиға тіпті дәлел.
Бір күні сахабалар «Нәбәуи» мешітінде жиналып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әңгімесін тыңдап отырған еді. Бір кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) жоғарыда аталған аятты оқыды. Осы бұйрықтан кейін сахабалар қолдарындағының бәрін беруге алаңдады. Сондай сахабалардың бірі, қолы ашық, жомарт жан иесі – Әбу Талха (р.ғ.) еді. Оның алты жүз құрма ағашы бар бағалы бағы болған және ол оны өте қатты жақсы көретін. Алла Елшісін (с.ғ.с.) осы бақшасына жиі шақырып, жақсылық жасап тұратын. Осы аяттың әсерінен кейін Әбу Талха (р.ғ.) Алла Елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Шын мәнінде, менің мүлкімнің ішіндегі ең қымбаты және ең сүйіктісі – осы «Бәйруха» деп аталатын құрма бақшам. Енді оны Аллаға және Оның Елшісіне тапсырамын. Осы арқылы Раббым мені дұрыс жолға салады және оны ақыретте маған азық етеді деп үміттенемін. Уа, Алланың Елшісі! Құрма бақ сіздікі», – деді. Бұл хабарды естіген әйелі таңдана: «Уа, Әбу Талха! Бұл бақ енді біздікі емес пе?» – деді. Сонда Әбу Талха (р.ғ.): «Жоқ, бұл бақ енді Мәдина кедейлерінің меншігінде болады», – деді. Өзінің жасаған осынау қайырымдылық ісіне қатты қуанды. Әйелінің: «Бақшаның үздіксіз сауабын екеуміздің атымызға ма әлде өзіңізге сыйға тарттыңыз ба?» деген сұрағына: «Екеуміздің де атымыздан», – деп жауап берді. Сонда әйелі: «Алла саған разы болсын, Әбу Талха! Айналамыздағы кедейлерді көргенде мен де солай ойлайтынмын. Бірақ саған айтуға батылым бармайтын. Алла біздің жақсылықтарымызды қабыл етсін. Сондықтан мен бақшадан шығып, сенімен бірге боламын», – деген екен.
Ислам тарихы мен өркениетіндегі маңызды қайырымдылық мекемесі ретінде уақып қорлары VIII ғасырдың ортасынан XIX ғасырдың аяғына дейін барлық ислам елдерінің әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне терең әсерін тигізді. Қайырымдылық, ізгілік ұғымын терең сезінген Осман империясы уақып аясында қоғамға қажетті көптеген қорларды құрды. Бүгінгі күнге дейін осы іс үзілмей жалғасуда. Қазір күні Түркия еліндегі уақып қорлары қоғам үшін игілікті істерді әлі де атқарып келеді. Тарихқа зер салып қарасақ, уақып қорлары ғасырлар бойы қайырымдылық істерінде ең үлгілі болып қызмет етті. Исламды терең сезінген мұсылман жұрты жүрегіндегі кеңдікті және мейірімділікті әлемге осылай көрсетті. Ислам әлемінің барлық дерлік бөліктерінде кездесетін уақып қорларына көз салсақ көмек қолын созбаған бірде-бір саланы елестету тіпті мүмкін де емес.
Уақып қорлары діни саладан бастап, әлеуметтік-экономикалық салаға дейін өзіндік үлесін тигізе алды. Уақып қорларының қызметі ғибадат үйлеріне жасаған қамқорлықпен шектеліп қалмады. Әралуан салада уақыптың қызметі, еңбегі көрінді. Мәселен уақып қорлары мешіттердің құрылысы, намазхана, құлшылық ордаларын тұрғызуға үлес тигізсе, білім беруге қатысты мектептер, медреселер, кітапханалар және дарул-хадис (хадис мектептері) сияқты мекемелерді тұрғызып, ілім жолындағы студенттерге көмектер жасай алды.
Экономикалық тұрғыда базарлар, дүкендер, жабық базарлар, қонақ үйлер секілді табыс көзін әкелетін дүниелермен айналысса, ал әлеуметтік сала аясында кедейлерге, жесірлерге, жетімдерге және науқастарға көмек көрсету, кедейлерге баспаналар, ауруханалар, асханалар, моншалар, тіпті қарттарға қамқорлық жасайтын үйлерді де салғызған. Шын мәнінде, уақып жүйесі бүкіл ислам әлемінде болды. Уақып қорлары қоғамның барлық топтарын түгел қамти алды. Сонысымен уақып ісі дараланды. Осыншама уақып қорларын құрған Осман империясы тарихта «қайырымдылықтың өркениеті» деп сипатталған.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам дүниеден өткенде, оның үш амалынан басқасының бәрі тоқтап қалады. Олар – үзілмейтін садақа, басқаларға пайдасы тиетін білім және салиқалы ұрпақтың оған (ата-анасына) арнап жасайтын дұғасы», – деп айтқан (имам Мүслим). Адам дүниеден өткесін амалдары расында тоқтайды. Ал дүниедегі жасаған үш амалының сауабы тоқтаусыз жалғаса береді екен. Соның бірі – үзілмейтін садақа жасап қалдыру. Мәселен, жол салу, құдық қазып, су көзін шығару, мектеп, мешіт-медресе секілді құлшылық-білім ошақтарын тұрғызу мұның барлығы тоқтаусыз жалғасатын ізгі де сауап амалдар.
Заманында сұлтандар, билеушілер, байлар небір дүниені жамбасына басса да, жақсылық пен ізгілік жолында сарп етілмегені үшін оларға бақыт әкелмей, түбі оларды бақытсыздыққа ұшыратып отырды. Жоғарыдағы хадисті терең түсінген ислам ұлылары «Нағыз байлық – жақсылық жолында жұмсалған дүние» деген рухани ұғымды қалыптастырды. Расында солай. Дана халқымыз: «Баймын деп ешқашан шалқыма, дүние қолдың кірі», – деп айтқан. Уақытша берілген дүние алынады, ол басқаның қолына беріледі. Сондықтан дүние-байлықпен жақсылық жасап, ізгілікті істерді артқа қалдыру керек деп түйген.
Бір данышпан адамнан: «Сұлтандарға қазына керек пе?» – деп сұрайды. Сонда дана адам: «Шынайы бір қазына бар. Бұл сұлтандарға қажет нәрсе», – деп жауап береді. Олар таңқалып: «Бұл шынайы қазына деген не?» – деп сұрайды. Әлгі данышпан: «Қарапайым халықтың дұғалары – сұлтандар үшін нағыз қазына», – деген екен. Дүниенің бір бөлігін кедей-кепшікке, жоқ-жітікке, қоғамның игіліктеріне уақып етіп жұмсау шынында халықтың көңіліне жола ашады, олардың дұғаларынан еш қалыс қалмайды.
Уақып ұғымы қазақ халқы үшін жат емес. Атауы ел жадыдан шықса да, іс-амалы күні бүгінге дейін тоқтаусыз жалғасып жетті. Ер түріктің бесігі аталған Түркістан шаһарын кесенесіз елестету мүмкін емес. Ақсақ Темір 1397-1405 жылдары Қожа Ахмет Ясауи бабамызға арнап салғызған осы кесене-мешіті. Бұл кесене күні бүгінге дейін әлем назарын өзіне аударып таңқалдырып келеді. Ақсақ Темір осы кесене-мешітті өз қаражатымен уақып етіп салып, кейінге «уақыпнама» қалдырған. (Толық ақпаратты М.Е.Массонның «Қожа Ахмет Иасауи кесенесі» атты еңбегінен білуге болады) Қасиетті Мекке жеріне қажылық жасауға барған Құнанбай да «Тақия» қонақ үйін тұрғызады. Осылайша мұны елден келетін қажылар үшін уақып жасаған. Баласы хакім Абай:
Меккеде уақып үй салып, Пәтер қып, жаққан шырақты. Бір құдайдың жолына, Малды аямай бұлапты, – деп әкесінің игі ісін осылай атаған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы «Уақып» қорын құрды. Бабалар ізін жалғайық деген мақсаты. Бүгінгі күні «Уақып» қорының жұмыстары халыққа жан-жақты насихатталуда. Нәтижесінде «Уақып» қорына кей азаматтар өз мүліктерін тіркеуде. Осындай ізгі істерімен сауапқа атсалысып, Алла жолында садақа жасауда. Құдай жолында уақып ретінде берілген садақаның сауабы үзілмейді, тоқтаусыз жалғасын таба береді. Асыл дініміз өзгелерге көмектесуге, қол ұшін беруге шақырады. Алланың разылығын қалап, игі істер үшін уақып беру өзімізге де, өмірімізге де, қоғамға да ең қажетті іс.
Оңталап ЖИДЕБАЕВ,
ҚМДБ, «Уақып» қорының
Қызылорда облысы бойынша өкілі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
