Қарыз 12 ай ішінде төленбегенін тексереміз.

Фото: Pixabay

Банктерге берешегін өтей алмай жүрген 2600-ден аса адамның банкроттыққа берген өтініші мақұлданды. Алайда бұл барлығының қарызы кешіріледі деген сөз емес. «Банкрот» деген статус алты айдан кейін, яғни толық қаржы тексерісінен өткен соң ғана беріледі, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Бүгінде «өтініш тапсыруға көмектесемін» деп адамдарды алдап ақша алатын алаяқтар көбейген. Қаржы министрлігі өкілі әлеуметтік желіні жаулаған мұндай адамдардан сақ болуға шақырады.

Құжат толтыру тәртібін білмегендер Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мамандардың көмегімен тегін-ақ өтініш бере алады. Үйден шықпай eGov порталы немесе Е-салық қосымшасы арқылы арыз тастау мүмкіндігі де бар. Ол үшін борышкердің банк алдындағы қарызы 5 миллион теңгеден аспауға тиіс.

«Қарыз 12 ай ішінде төленбегенін тексереміз. Осы арызданушының меншігі жоқ екенін тексереміз. Банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдында реттеу рәсімі өтілді ме екен, сол жұмыстарды қарастырамыз», – дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Бір айда 34 мыңнан аса адам өзін банкрот деп жариялауға өтінім берген. Телеарна мәліметінше, қарызынан тездетіп құтылғысы келетіндердің көбі – түркістандықтар. Алматы облысы мен Алматы қаласының тұрғындары арасында да өтініш бергендер көп.

Министрлік 7 жарым мыңдай адамды банкрот деп жариялаудан бас тартқан. Себебі көбі кейінгі бір жылда ішінара қарызын өтеп отырған немесе берешегі 5 миллион теңгеден асады. Ал бір мың адам өтініш берерде жұбайы барын көрсетпеген. Мың үш жүзден аса тұрғынның атында жылжымайтын мүлкі бар болып шыққан. Жер учаскесі мен көлігі бар адамдар да кездескен. Әзірге Қазақстан бойынша 2600 адамның өтініші расталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!