Қазақстанда несие беру ережесіне жаңа талап енгізіледі, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Енді банктер ірі көлемдегі қарыздарды рәсімдеу кезінде күту режимін сақтауға міндетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова айтты.

Ережеге сәйкес, егер кредит сомасы 1 миллион теңгеден асса, банк қарызды бірден бермей, 24 сағат күту мерзімін белгілейді. Осы уақыт аралығында қарыз алушының шынымен өзі рәсімдеп жатқаны тексеріледі және оның алаяқтардың ықпалына түспегені анықталады. Бұл мерзім қарыз алушыға да ойлануға және қажет болса, несие алудан бас тартуға мүмкіндік береді.

Ал 150-ден 250 АЕК-ке дейінгі (шамамен 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі) қарыздар үшін қысқартылған мерзім енгізілді – ол 8 сағатқа созылады.

Әбілқасымованың айтуынша, бұрын банктік қосымша арқылы несие небәрі бірнеше минутта рәсімделетін. Енді 600 мың теңгеден асатын сомада банктер қарызды бірден бермей, 8-ден 24 сағатқа дейінгі аралықта қосымша тексеріс жүргізуге тиіс.

Бұл шара алаяқтық несиелердің алдын алу үшін қолға алынып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!